1991. Тәуелсіздік: ширек ғасыр
Оқиға-баян
03.09.2016
Орталық Азиядағы Мемлекеттік тәуелсіздік туралы декларация қабылдаған бірінші ел Қырғызстан болатын. 1991 жылғы 31 тамызда. Іле-шала тәуелсіздігін Өзбекстан жариялады. 

«Открытая Азия онлайн»  «Тәуелсіздік: ширек ғасыр» атты жаңа жоба бастады. Жоба барысында Орталық Азия елдерінде тәуелсіздіктің 25 жылында қандай оқиғалар болғанын еске түсіреміз. Ең алдымен, 1991 жылға оралайық. 


ҚЫРҒЫЗСТАН

1990 жылдың күзінде Қырғызстан Жоғарғы кеңесі Асқар Ақаевты президент етіп сайлағаннан кейін елде біраз уақытқа қос тарапты билік орнады: мемлекетті басқару тетіктері Қырғызстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Абсамат Масалиевтен Ақаевтың қолына біртіндеп өте бастады. Сәуірде Масалиев отставкаға кетті.  
Акаев - Масалиев.jpg

Мәсеудегі ТЖМК жеңілгеннен кейін Ақаевқа жергілікті Компартияның консерватив бөлігі қарсы шықты. Президент ТЖМК әрекетін төңкеріс жасауға талпыну деп бағалады. Біраз уақыттан кейін компартияға тыйым салынды, әйтсе де, жақтастары оны қалпына келтіру жөніндегі ұйымдастыру комитетін құрып үлгерді.  

31 тамызда Қырғызстанда Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. 12 қазанда елде алғаш президент сайлауы өтті, тек ол баламасыз болды - Ақаев 95% дауыспен жеңіп шықты.  

ӨЗБЕКСТАН

1991 жыл Өзбекстанда Әлішер Науаидің 550 жылдығына орай Науаи жылы болып жарияланған. Наурыздың аяғында Ташкентте кеңестік декрет сағаты алып тасталды - сағат тілі бір сағат кері шегерілді. Енді өзбек астанасы Мәскеу уақытынан жазда  бір сағат, қыста екі сағат ілгері жүретін болды. 

Маусымда Ташкентте әлем кәсіпкерлерінің кездесуі өтті - оған 54 елдің үш жүзден астам кәсіпкері қатысты. Тамыздың ортасында қалада Орталық Азия республикаларының президенттері бас қосты.  

31 тамызда республиканың Жоғарғы кеңесі Өзбекстанның тәуелсіздігін жариялады. Тек, Тәуелсіздік күнін өзбектер 1 қыркүйекте атап өтетін болды. Сол жылы Ташкенттің бас алаңы - Ленин алаңының атауы «Мустакиллик» (өзбекше - Тәуелсіздік) болып өзгертілді. 

888.jpg

Қарашада жоғарғы кеңес Өзбекстан туының қазіргі нұсқасын қабылдады. Ал 29 желтоқсанда республиканың тәуелсіздігі туралы референдум өтті - дауыс бергендердің 98% астамы тәуелсіздікті қолдады. Сол күні елде президент сайлауы да болды. Республиканы 1989 жылдан бері басқарып келе жатқан Ислам Кәрімов 87% астам дауыспен сайланды.   

Ресми деректерде Кәрімовтің жалғыз бақталасы - Мұхаммед Салих 12,5% дауыс жинады деліген. Ал сәл ертеректе Өзбекстан радиосы оны қолдап 33% дауыс берілгенін хабарлаған болатын. 



ТӘЖІКСТАН

Тәжікстан басшылығы Мәскеудегі бүлікті қолдады, сондықтан елдің бірінші президенті Кахор Махкамов отставкаға кетуге мәжбүр болды.  9 қыркүйекте республиканың Жоғарғы кеңесі Тәжікстанның тәуелсіздігі туралы қаулы қабылдады. 

Қарашада президент сайлауы белгіленді; жергілікті коммунистер биліктің уыстан шығып кеткеніне көне алмады. 21 қыркүйекте мыңдаған адам Душанбедегі Ленин алаңында жиналды. Олар коммунистердің қайтадан билікке келуінің алдын алмақ болды, әділ сайлау өткізуді және Жоғарғы кеңес төрағасымен кездестіруді талап етті.

Төрағамен сөйлесу мүмкін болмаған соң, шерушілер 19 метрлік Ленин ескерткішін құлатып тастады. Бір-екі күннен кейін сол жерде шатыр қалашық құрылды. 

2.jpg

Қыркүйектің аяғында Горбачев Тәжікстанға Анатолий Собчак бастаған топты жіберді. Олардың міндеті коммунистер пен оппозицияны бітімге келіп, сайлауға дайындықты бастауға көндіру болатын. Айтқандай, қонақтардың арасында Собчактың сол кездегі көмекшісі - Владимир Путин де бар еді. 

Нәтижесінде, оппозиция өз кандидаты деп кинорежиссер Давлат Худоназаровты атады. Коммунистердің кандидаты - Рахмон Набиев болды. 24 қарашадағы президент сайлауында 57% дауыспен Набиев жеңіске жетті. Бәсекелесі 30% сәл астам дауыс жинады. Оппозиция билікті сайлау қорытындысын қолдан өзгертті деп айыптады.  

ТҮРКІМЕНСТАН

Түркіменстан одақтас республикалар ішінде соңғыларының бірі болып, 27 қазанда тәуелсіздігін жариялады. Бұл жөнінде елдің Жоғарғы кеңесі мәлімдеді. Одан бір күн бұрын тәуелсіздік туралы референдум өткен болатын - оған қатысқандардың 94% сәл астамы тәуелсіздік үшін дауыс берді. 

Сапармұрат Ниязов сол кезде-ақ Түркіменстанның Президенті саналатын. Ол бір жыл бұрын, ел Конституциясында "президент" деген сөз пайда болмай тұрғанда-ақ президент болып жарияланып қойған. Одан бөлек, 1991 жылы Ниязов Түркіменстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы бола тұра, республика үкіметің басшысы да болып алды.  

ҚАЗАҚСТАН

29 тамызда Қазақстанда Семей ядролық полигоны жабылды. Оның жабылуына антиядролық қозғалысты бастаған жазушы Олжас Сүлейменовтің сіңірген еңбегі зор. 1 323 000 адам полигондағы ядролық қару сынағынан зардап шеккен деп  танылды. 

Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 2 қарашада ғарышқа ұшты - ол орбитада сегіз тәулікке жуық болды. Әубәкіров сол кезде-ақ Кеңес одағының батыры болатын, ал ғарышқа ұшқаны үшін Октябрь революциясы орденімен марапатталды.  

2.jpg


Қазақстанда алғашқы президент сайлауы баламасыз болды. 1 желтоқсанда сайлауға келгендердің 98,8% Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдап дауыс берді.  

16 желтоқсанда Қазақстан одақтас республикалардың ең соңы болып тәуелсіздігін жариялады. Назарбаев сәйкес конституциялық заңға қол қойды. 

ӘЛЕМДЕ

1991 жыл КСРО ыдырауы себепті Қырғиқабақ соғыс - АҚШ пен КСРО арасындағы 1946 жылы басталған қақтығыс аяқталған жыл болып саналады. 

АҚШ бастаған халықаралық коалиция 1990 жылдан Иракта жүргізген Парсы шығанағындағы соғыс аяқталды. Оған себеп - Ирактың Кувейтті оккупациялауы. Коалицияның ауқымды авиация қолдана отырып жүргізген әрекеттерінен кейін Ирак ол жақтан әскерін шығарып әкетті. Өзі де ыдырайын деп тұрған Кеңес одағы алғаш рет осындай операцияда Американы жақтады. 

Персидский залив.jpg

 
Югославияның ыдырауы басталды: онда албандар, босниялықтар мен хорваттар арасында ұлтаралық қақтығыстар белең ала бастады. Қақтығыстар 2001 жылға дейін созылып, Европадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең қантөгісті соғыс болды.  

Ал сіздің есіңізде 1991 жылдан не қалды? Пікір жазыңыздар. 
пікірлер 0
Пікірлер
  • Комментарии
Загрузка комментариев...
Пікірлердің бәрін оқу
Наверх