Опубликовано 07.12.2016

Қазақстанда амнистия туралы не білу керек?

Не болды?

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент мәжілісіне "Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рахымшылық жариялау туралы" заң жобасын ұсынды. "Открытая Азия онлайн" жазадан кім босатылып, кім босатылмайтынын анықтады.

Жазадан толықтай кім босатылады?
Ауырлығы онша ауыр емес қылмыс жасаған адамдардың барлығы жазадан толық босатылады. Сондай-ақ, ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін жазаға тартылған тұлғалар арасында мына санаттар жазадан босатылады:
1) кәмелетке толмағандар;
2) аяғы ауыр және кәмелетке толмаған немесе мүгедек баласы бар әйелдер, сонымен қатар, кәмелетке  толмаған баланың жалғыз ата-анасы болып отырған ата-ана құқығынан айырылмаған ер адамдар; 
3) I, II және III топ мүгедектері;
4) жасы елуден асқан әйелдер, жасы алпыстан асқан ер адамдар;
5) Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғалар;  
6) әскери және интернационалдық парызын өтеу үстінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің жесірлері, сондай-ақ, соғыс мүгедектері мен оларға теңестірілген тұлғалардың жұбайлары.

Жазадан толықтай босатылатын тұлғалардың тағы бір санаты - ауырлығы орташа қылмысы үшін жазаға тартылған, алайда, жоғары аталған азаматтар санатына жатпайтын тұлғалар:
1) бас бостандығынан айырумен байланыссыз жазасын өтеп жатқандар және пробациялық бақылаудағылар;
2) сот үкімімен шартты жаза кесілгендер. 
Жазаға кесілген өзге тұлғалардың қалған мерзімі немен алмыстырылады?

Ауырлығы орташа қылмысы үшін бас бостандығынан айырылған, алайда, жоғарыда аталған санаттардың бір де біреуіне жатпайтын сотталғандардың жазасының бір бөлігі айыппұлмен немесе бостандығын шектеумен алмастырылады.

Ал ауыр қылмыс жасағандар арасында кімге рахымшылық етіледі?

Заң бойынша, ауыр қылмысы үшін сотталған мынадай санаттағы тұлғалардың қалған мерзімінің жартысы қысқартылуы мүмкін: 1) кәмелетке толмағандар; 2) аяғы ауыр және кәмелетке толмаған немесе мүгедек баласы бар әйелдер, сонмен қатар, кәмелетке толмаған баланың жалғыз ата-анасы болып отырған ер адамдар; 3) I, II және III топ мүгедектері; 4) жасы елуден асқан әйелдер, жасы алпыстан асқан ер адамдар; 5)Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғалар; 6) әскери және интернационалдық парызын өтеу үстінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің жесірлері, сондай-ақ, соғыс мүгедектері мен оларға теңестірілген тұлғалардың жұбайлары; 7) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Арнайы бөлімінде көзделген экономикалық қызмет саласында қылмыс жасағандар шығынды толықтай өтеген жағдайда. Ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар қылмысының салдарынан келтірілген шығынды толықтай өтеген жағдайда, қалған жаза мерзімі 25% қысқартылуы мүмкін.

Кімдерге рахымшылық жасалмайды?
Рахымшылық жасалмайтын тұлғалар:
1) кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасаған тұлғалар (қылмыс 14-18 жас аралығындағы кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты кәмелетке толмаған тұлға тарапынан жасалған жағдайдан бөлек);
2) террористік қылмыс жасағандар;
3) экстремистік қылмыс жасағандар;
4) біреуді азаптағандар;
5) рецидив үшін жазаға тартылғандар;
6) рахымшылық жасалып, өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен алмастырылғандар, сондай-ақ, өмір бойы бас бостандығынан айыруға кесілгендер;
7) бұдан бұрын рахымшылық немесе кешірімге ілініп, қайтадан қасақана қылмыс жасағандар;
8)қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағаны үшін жазаға тартылғандар;  
9) біреуі осы Заңның әрекет аясына кірмейтін бірнеше қылмыс жасағандар.


Алдын-ала тергеу жүргізіліп жатқан тұлғаларға рахымшылық жасалуы мүмкін бе?
Иә, мүмкін. Алдын-ала тергеу сатысындағы күдіктілер немесе бірінші және аппеляциялық инстанция сатысындағы, оларға қатысты сот үкімі әлі күшіне енбеген тұлғалар да, сотталғандар да рахымшылыққа ілінуі мүкін.  
Тергеуші немесе анықтаушы күдіктілерге қатысты рахымшылық жарияланғанына байланысты қылмыстық істі доғару туралы қаулы шығарады. 
Сот аяқталғанға дейін адамға рахымшылық жасалуы мүмкін бе?

Иә, мүмкін. Тіпті, оның кінәсі дәлелденбей, адам өзі кінәсін мойындамаса да. Қалай болғанда да сот кінә бар екені жөнінде қорытынды шығаруы тиіс.

Адам өзіне рахымшылық жасалуы үшін өзі қамдануы керек пе?

Рахымшылықты қылмыстық процесті жүргізетін орган автомат түрде жариялайды. Алайда, күдікті, сотталушы немесе сотталған адамның белседілігіне тыйым салынбайды. Ол тергеу жүргізіп жатқан органға рахымшылық сұрап өтініш жолдауына болады.

Қылмыстық істер бойынша сот өндірісі кезеңінде кімге рахымшылық жасалуы мүмкін?

Онша ауыр емес қылмыс жасағандардың бәріне рахымшылық танытылады. Сондай-ақ, ауырлығы орташа қылмыстар бойынша кәмелетке толмағандар; аяғы ауыр және кәмелетке толмаған немесе мүгедек баласы бар әйелдер, сонымен қатар, кәмелетке толмаған баланың жалғыз ата-анасы болып отырған ата-ана құқығынан айырылмаған ер адамдар; I, II және III топ мүгедектері; жасы елуден асқан әйелдер, жасы алпыстан асқан ер адамдар; Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғалар; әскери және интернационалдық парызын өтеу үстінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің жесірлері, сондай-ақ, соғыс мүгедектері мен оларға теңестірілген тұлғалардың жұбайлары.

Рахымшылық мерзімі қандай?

Рахымшылықта мерзім жоқ. Ол Заң күшіне енген кезде рахымшылық жасалатын санаттарға жататын тұлғаларға қатысты қолданылады. Рахымшылық жүргізетін органдар заң күшіне енгеннен кейін 6 ай ішінде оның орындалуын қамтамасыз етуі керек. Әйтсе де, айталық, адам қылмысты рахымшылық жарияланғанға дейін жасап, алайда, тек екі жылдан кейін табылып, қолға түссе де, оған рахымшылық жасалады. Ал рахымшылық жарияланғаннан кейін қылмыс жасағандарға рахымшылық етілмейді.

Рахымшылық аясына кіретін тұлғаға қатысты қандай жағдайда рахымшылық жасалмайды?

Оған қатысты рахымшылық жасалуы мүмкін тұлға немесе оның заңды өкілі бұған қарсы болған жағдайда, рахымшылық жасалмайды.

Рахымшылыққа ілінген, алайда, не үйі, не туысы жоқ адамдар қайтеді?

Рахымшылық жасалып, жазадан босатылған және жұбайы немесе жақын туыстары жоқ І және II топ мүгедектері, жасы келгендіктен өз-өзіне қарай алмайтын тұлғалар стационар типтегі медициналық-санитарлық мекемелерге орналастырылады. Кәмелетке толмағандар ата-анасының немесе олардың орнын басатын тұлғалардың қадағалауына беріледі, не болмаса, арнайы мемлекеттік органға (балалар немесе жасөспірімдер үйлері, интернаттар) жөнелтіледі. Сот үкімімен ем тағайындалғандар оны жалғастыруы керек болады. Ал, тұрғылықты үйі жоқтар әлеуметтік бейімдеу орталықтарына орнатастырылады. Бұл міндеттемелердің орындалуын атқарушы органдар қадағалауы керек.

Редакция OpenAsia
Редакция OpenAsia
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало