Опубликовано 12.03.2018

Қазақстандағы тұрақты жанармай тапшылығы жойыла ма?

Ескі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту мен төртінші зауыт салу Қазақстандағы жанармай тапшылығы мәселесін шеше алмайды. Жанармай тапшылығы тұрақты түрде туындап тұрады, өйткені мұнай өңдеу зауыттарына шикізат жетіспеуде, ал өндіруші компанияларға ішкі нарықтан пайда аз.

Жақында ҚР Энергетика министрлігінің басшысы Қанат Бозымбаев Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауыты қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, зауыт құрылысына 2019 жылдан бастап кірісіп, үш жыл ішінде аяқтау қажет. Ауқымды жобаның құны мен қуаты қазірше жария етілген жоқ.   

Бірнеше жыл бұрынғы бағалауларға сүйенсек, жаңа зауытқа қайта өңдеу мен технология көлеміне қарай, 6-10 млрд доллар шамасында қаржы кетеді екен.  

"Орталық Азия онлайн" серіктесі - INFORMBURO.KZ – энергетика министрлігінің бұл бастамадан бірнеше рет бас тартқанына қарамастан, неліктен қайта көтергенін зерттеп көрген еді.

ТӨРТІНШІ МӨЗ САЛУ 90-ШЫ ЖЫЛДАРДАН БЕРІ КӨТЕРІЛІП КЕЛЕДІ  
90-шы жылдары Ақтауда республика бойынша төртінші болуы тиіс Маңғышлақ мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланған болатын. Экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан, сол кездері техникалық және экологиялық талдаулар жасалып, инфрақұрылымның бір бөлігі, оның ішінде, темір жол да салына бастаған еді. Жоба бойынша зауыттың қайта өңдеу қуаты болжаммен, жылына 6 миллион тонна болатын болды. Барлық жұмысқа 34 миллион доллар жұмсалды, бірақ қаржы жетіспеуінен жұмыс тоқтап қалды. 

Республикада жаңа кәсіпорындар салу туралы жиі айтыла бастағанда, Ақтаудағы өкілдер бұл жобаны қайта қалпына келтіру туралы өтініш тастайды. Біріншіден, шикі мұнай көздеріне жақын орналасқандықтан, оның пайдасы көбірек болмақ. Екінші жағынан, ертеректе салынған инфрақұрылым Ақтаудан небәрі 43 шақырым қашықтықта орналасқан. Үшіншіден, зауыт салуға қатысты алдын ала экономикалық және логистикалық есептеулер де дайын тұрған еді.1.jpgЖаңа МӨЗ шамамен, Ресейдегі ең озық Омск МӨЗ-і сияқты болмақ / Сурет gazprom-neft.ru сайтынан алынды
  
Сала басшылары елімізге төртінші зауыттың қажеті жоқ деп мемлекет басшысын көндірген болатын. 2010-2012 жылдары зауыт құрылысы 6 миллиард, ал қолданыстағы зауыттарды жаңғырту – 3,5 млрд долларға бағаланды. Екі нұсқаның ішінен арзан түсетіні таңдалды. Шымкент МӨЗ-інің қуатын 5-тен 12 млн тоннаға дейін едәуір арттыру көзделді. Өндіріс көлемінің ұлғайтылуы төртінші зауыт құрылысынсыз-ақ жанармай тапшылығын жоюға мүмкіндік берер еді.     

Алайда өзге үш МӨЗ-дің жалпы қуаты арттырылғандықтан, шымкенттік МӨЗ өнімділігі екі есеге ұлғайтылмады. 2018 жылдың екінші жартыжылдығында оның қуаты 6 млн тонналық межеге жетпек. 2014 жылы ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин қайта құрылған соң өнімділік 14,5 млн-нан 18,5 млн тоннаға дейін ұлғаюы тиіс деп мәлімдеді. Шындығында, жаңғыртудан кейін өнімділік небәрі 16,6 млн тоннаны ғана құрады.  

Мемлекет басшысы 2014 жылы мұнайшыларға қолдағы өндірістерді жаңғыртумен шектеліп қалмау керектігін және төртінші зауыттың қажет екенін айтты. 2015 жылдан бері республикада бұл жобаға біресе Қытайдан, біресе Ираннан серіктестер тартылады деген алып-қашпа әңгімелер басыла қоймады.  

2015 жылы әр аймақ төртінші МӨЗ-ді өз өңірінде салу туралы ұсыныстарын әзірлей бастайды. Ақтаудан өзге, Ақтөбе, Жезқазған және Қызылорда аймақтары да өз үміткерлігін қорғауға кірісті. Дегенмен, ақтаулықтар бәрінің алдын орап кеткендей еді: көптеген келіссөздер жүргізілді, Маңғыстау облысы басшылығының сендіруінше, біресе қытайлық, біресе ирандық тараппен барлық құжатқа қол қою рәсімдері жүргізілуге шақ қалған. 

Төртінші МӨЗ дәл Шымкенттегі зауыт сияқты,айтарлықтай өсімге қол жеткізіп қана қоймай, кем дегенде, ондаған жылдарға жететін өнім қорын өндіруі тиіс. Жаңғырту бойынша барлық жұмыс аяқталған соң, Оңтүстіктегі зауыт қуаттылығы 6 млн тоннаны құрамақ. Бұл қазіргі қолданыстағы отандық қайта өңдеу зауыттарының ішіндегі ең үлкен көрсеткіш. Тағы бір айта кетерлігі, республиканың  ішкі нарығындағы еркін мұнай көлемі тым аз.
0.jpg

ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ҮШ ЗАУЫТТЫ ЖАҢҒЫРТУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛДІ?  

Қолданыстағы үш МӨЗ-ді жаңғырту жұмысы бұрын уәде етілгендей, 3,5 млрд долларға емес, екі есе қымбатқа – 6,3 млрд долларға түскен. Зауыттарды қайта жабдықтау сонау 2008 жылы басталғанмен, 2018 жылы ғана аяқталған.   

Бәрінен де ең көне МӨЗ – Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмысы қымбатқа шыққан. АМӨЗ технологиялық жаңаруына кеткен жалпы шығын 3,3 миллиард доллар деп бағалануда. Кәсіпорынның ресми сайтында қаржының дәл неге жұмсалғаны туралы толық ақпарат беріліпті. Атырауда бірден екі жоба: хош иісті көмірсутек өндіру кешені (ары қарай –ХКК) және мұнайды терең өңдеу кешені (ары қарай – МТӨК) жүзеге асырылған.  

Жаңғырту жұмыстары дәл осы Атырауда басталған еді. ХКК техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары 2008 жылдың қаңтарында аяқталып, ал жобалық-сметалық құжаттамасы 2009 жылдың тамызында өткізілген. Жұмсалған 3,3 млрд доллар – АМӨЗ-дің жеке қаржысы, қазақстан Даму банкінің несиелік желісі, Қытай эксперттік-импорттық банкінің, Жапония халықаралық ынтымақтастық банкінің қарызы және «ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ несиесі болды. 
Қытайлық несие зауыттың бүкіл мүлкін, оның ішінде, салынып жатқан ғимараттарын кепілге ала отырып, 10 жыл мерзімге берілген. Екі жыл бұрын негізгі несие қайтарыла бастайды: 2015 жылдың қаңтарында зауыт бірінші, 2015 жылдың шілдесінде екінші траншты төлейді. Барлығы жылына екі рет төлем төлеу белгіленген. Әрбір бір реттік өтем көлемі – 55 млн доллар, оған қоса, банктік сыйақы қайтарылып отырған. «ҚазМұнайГаз» ҰК дерегінше, барлық несие төлемі жеткілікті көлемде әрі кесте бойынша төленіп жатыр. Негізгі қарызды төлеу бойынша жеңілдігі бар кезеңнің аяқталуы себепті, АМӨЗ 2017 жылдың соңына қарай негізгі қарыздың 15%-ын төлеп қойған. Павлодардағы және Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттары өз несиелерін тек 2018 жылдан бастап төлей бастамақ.   

15 желтоқсанда АМӨЗ-де мұнайды терең өңдеу кешенінде іске қосу жұмыстары басталды. Бірнеше күннен кейін зауыт толық қуатқа көшті. Жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Уәде етілгендей, Атырау зауытында жоғары октандық жанармайды жыл сайын 1,7 млн тоннаға дейін шығаратын болады.   

Павлодар мұнай-химиялық зауыты (ары қарай – ПМХЗ) жағдайында барлық шығын кем дегенде, бір миллиард доллармен аяқталуы мүмкін еді. Алайда 2011 жылы құрылыс жұмыстары басталғалы бері жоба бірнеше мәрте қайта жазылып шыққандықтан, құрылыс жұмысының құны 1 млрд 218 млн доллардан 831 млн долларға қысқарады. Жобада негізгі екі мердігер: Rominserv S.R.L. компаниясы («ҚМГ» ҰК АҚ құрамына кіретін румындық KMG International N.V. мұнай компаниясының еншілес бөлімшесі), сондай-ақ, аймақта бірнеше ірі өнеркәсіптік нысандар салған қытайлық NFC компаниясы жұмыс істеді.
2.jpgПавлодар мұнай-химиялық зауыты  / Сурет  liter.kz сайтынан алынды

Қаржының көп бөлігін қазақстан Даму банкі бөлсе, қалғаны – зауыттың жеке қаражаты мен «ҚазМұнайГаз» қарызы болған. Сарапшылар атап өткендей, шығындардың қысқартылуы жаңғырту жұмыстарының нәтижесіне кері әсерін тигізген: мысалы, мемлекет атынан тапсырыс беруші қазақстандық (құмкөлдік және ақтөбелік) мұнайды қайта өңдеу қондырғысының құрылысынан бас тартқан. Бұл ПМХЗ-нің Батыс Сібір кен орнындағы өңделме шикізатына тәуелділігі салдарынан ресейлік тараппен арадағы көпжылдық дау жағдайында орын алған. Жаңғырту жұмыстарынан кейін Ресейге тәуелділік сол күйі қала берген. 

Жаңғыртылған зауыттың жоспарланған қуаты да бірнеше рет қайта қарастырылған. Жаңғырту жұмысынан кейін өнімділік қуаты 7,5 млн тонна да (бұрынғы жоспардағыдай), 6 млн тонна да (аралық деректердегідей) емес, сол бұрын шығарылған 5,1 млн тонна қалпында қалған. Жаңғыртудың басты қорытындысы – зауыттың жоғары октанды жанармай мен әуе керосин өндірісін ұлғайтуы.  
3.jpgҚанат Бозымбаев Шухрат Данбайдың есебін қабылдауда / Сурет total.kz сайтынан алынды

2017 жылдың мамырында осы сала министрі қанат Бозымбаев Павлодар зауытына келгенде белгіленген мерзімнің ұзаққа созылып кетуіне қатысты ренішін білдіріп, «ПМХЗ» ЖШС бас директоры Шухрат Данбайдың енді мерзімді созып алмауы туралы жауапкершілікті өз мойнына алған уәдесін хаттамаға енгізуді талап етеді. Дегенмен, нәтижесінде, Данбай қызметінен алынып тынады. Бастапқыда оның қызметінен өз еркімен кеткені жайлы айтылғанмен, Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаздың» ресми жауаптарында кінәлі болған топ-менеджер «қызметінен босатылды» деп қана көрсетілген.   

Ресми деректерде ПМХЗ-ді жаңғырту жобасы 2016 жылы аяқталады деп күтілген еді. Содан соң зауыт басшылығы мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының өтінішімен бұл мерзімді 2017 жылдың шілде айына ауыстыру туралы шешім қабылданады. Кейіннен ПМХЗ басшылығы мерзімді қазан айына ұзартады.  

20 қазанда көмірсутек өндірісі қондырғысында МӨЗ жаңғырту жоспарында болмаған дәнекерлеу жұмыстары жүргізіледі. Ол жұмыстар жыл сайынғы күрделі жөндеу жұмыстары аясында жүргізілген екен. Ресми нұсқаларда, дайындық жұмыстарын аяқтаған соң «МегаҚұрылысПлюс» ЖШС-нің мердігер ұйымы Amec Foster Wheeler  компаниясының дайындаушысы зауыт технологиясы бойынша пеш бөлшектерінің ауыспалы торабын ауыстыру жұмыстарына кіріседі. Дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу барысында мердігер жөнделген металл бетінде ұсақ сызаттардың пайда болу қаупін ескермеген. Нәтижесінде, сыртқа шығарушы коллектор бөлшегінде ақау пайда болған. Зауыттағылар төтенше жағдайды жасырып қалған, ал «ҚазМұнайГазға» бұл турасында тек 1 қарашада мәлім болған. 

ТЖ орын алған қондырғы дизель отынын гидротазалаудан өткізу үшін зауытты көмірсутектің қажетті мөлшерімен қамтамасыз етуі тиіс еді. Ақау салдарынан бастапқыда мәлімделген 4-4,5 мың тонна дизель орнына, біршама уақыт бойы тек бір мың тонна ғана дизель өндірілген. Сол ақауға байланысты зауыттың бас механигі мен техникалық директоры жұмыстан босатылған.  

Дизель тапшылығы ресейлік зауыттардың өнімін қаптатады. 5 қарашада Ресейде мұнай өнімінің алғашқы топтамасы сатып алынады. Ресми дерекке сүйенсек, осы уақыт ішінде жанармай «ҚазМұнайГазды» шығынға батыра отырып, ел ішінде сатылған. Тек маусымаралық дизель отыны бойынша (-15° С дейін) жанармай құю станциялары мен қойма қызметі шығындарын есепке алмағанда, ҚМГ-ның жанармай құю бекеттеріндегі шығыны әр литріне 30 теңгеден асып кеткен.  
Зақымдалған коллекторды ауыстыру үшін шұғыл сатып алынған, құны 425 мың еуро тұратын жаңа коллектор да қосымша шығынға ұшыратқан. Бөлшектің өзі Ұлыбританияның Донкастер қаласындағы зауыттан тапсырыспен жасатылған. 29 қараша күні көмірсутек өндірісі қондырғысына қажетті жаңа коллектор әуе рейсімен Павлодарға жеткізіледі. Монтаж және іске қосу жұмыстарына 5 күн кеткен. Нәтижесінде, тек 22 желтоқсанда ғана зауыт Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес, К4 экологиялық санатына жататын мұнай өнімін өндіруге кіріседі.

Шымкент зауытын 2014-2018 жылдардағы мұнай-газ секторын дамытудың кешенді жоспарындағы ең даулы әрі қиындығы көп нысан деп атауға болатын шығар. Бұл зауыттағы технологиялық жаңартулар 2016 жылы-ақ аяқталуы тиіс еді, енді 2018 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталмақ. Негізгі себебі – ШЫҰ аясындағы жеңілдігі бар қарыз ұйымдастыру қиындығы. ҚХР Үкіметі 1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі несие үшін мемлекеттік кепілдік беруді талап еткен. «ҚазМұнайГаз» мердігерлік келісім-шарт сомасын ұлғайтуға да, келісімнің жаңа шарттарына да келіспеген.  

Қорытындысында, зауыт акционерлері барлық банктік және корпоративішілік  рәсімдерден өтуді талап еткен коммерциялық балама қарыз көзін тапқан. 2017 жылдың мамырында «Қазақстан Даму банкі» АҚ-мен несиелік келісімге қол қойған.  
4.jpgШымкент МӨЗ-і. Изомерзация қондырғысының құрылысы / Сурет ratel.kz сайтынан алынды

Жаңғырту жұмысына 2 млрд АҚШ доллары жұмсалған. Жаңғыртуға «ПетроҚазақстан Ойл Продактстың», CNPC қытай концерні атынан меншік иелерінің (50%-ы – Шымкент МӨЗ-інің үлесі) және «ҚазМұнайГаздың» (49,73%-ы – «ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ қатысуының үлесінде) әрқайсысы 400 млн доллардан жұмсаған. Тағы бір миллиард долларды Қазақстанның Даму банкі зауытқа 13 жылға несиеге берген. Бастапқыда бұл қаржыны Қытай экспорттық-импорттық банкі беруі тиіс болған. 2014 жылы қазақстандық тараппен жасалған келісімге Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бішімбаев қол қойған еді. Соңғы екі жылда Қытай халық банкінен қарыз алу туралы келіссөздер  жүргізілгенмен, еш нәтиже шықпаған.     

Зауытқа жаңғырту жұмыстарын жүргізетін бас мердігерді таңдау барысында бірнеше себептерге байланысты Қытай мемлекеттік мұнай-газ холдингінің еншілес компаниясы – қытайлық CPECC құрылыс фирмасына басымдық беріледі. Сондықтан Шымкентте айтарлықтай көп қытай жұмысшылары тартылады.  

СРЕСС құрылыс фирмасының вице-президенті Му Хуадун 2017 жылдың сәуірінде энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа Шымкент МӨЗ-і аумағындағы құрылыста төрт мыңнан астам адам жұмыс істеп жатқандығын мәлімдейді. Олардың үш мыңы – қытайлық, қалған бір мыңы – қазақстандық жұмысшылар екен. Әлеуметтік желілердегі дау-жанжалдан кейін зауыттың баспасөз қызметі шындығында, аудармашының қателескенін, нысандағы 3 мың жұмысшының қазақстандық паспорты бар азаматтар, ал қалған бір мыңы – жоғары білікті қытайлық мамандар екенін хабарлайды.     

Шымкенттегі мұнай зауытын жаңғыртудың бірінші сатысы 2017 жылдың 30 маусымында аяқталған, К4 және К5 экологиялық санаттағы бензин өндірісі де сол кезде басталған болатын. Екінші сатысы енді тек 2018 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталып, өнімділік қуаты жылына бірден 6 млн тоннаға дейін арттырылмақ.   

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары қаржыландыруға байланысты кеш басталған – қаржы ұзақ әрі әр түрлі көлемде бөлінген. Одан кейін бас мердігердің – қытайлық CPECC құрылыс фирмасының қазақстандық құрылыс ережелерін меңгеруі ұзаққа созылған. Кейбір сарапшылардың пікірінше, оның үстіне, ҚХР-дан келген компаниялар келісім-шарттан едәуір ірі сома шығарып алу үшін қазақстандық тапсырыс берушіні бопсалаған екен. 
Жақын уақытта қазақстандық үш мұнай өңдеу зауыты сатылымға түспек. Мәселен, Павлодар мұнай-химиялық зауытының дәнекерлеу барысында зақымдалған көмірсутек өндіретін қондырғысы іс жүзінде, жөндеу жұмысынан кейін бірден француздық-қазақстандық «Эр Ликид МұнайТехГаздар» ЖШС-іне сатылып кеткен. Бұл 27 желтоқсандағы оқиға, сату-сатып алу келісіміне зауыт атынан кәсіпорынның жаңа директоры Оспанбек Әлсейітов қол қойған. Сату бағасы жария етілмеген.

16 қаңтарда қазақстандық үкіметтің жоспарына сәйкес, IPO сәтті жүргізілуі және ұлттық компаниялар акцияларының құнын көтеру үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның барлығы жеті нысаны сатылады. Бұл тізімге «Урихтау Оперейтинг» ЖШС, «Павлодар мұнай-химиялық зауыты» ЖШС, TH KazMunaiGas N.V., «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, KMG Automation ЖШС, «Теңіз Сервис» ЖШС кіреді.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, инветорларды «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Энерго», «Эйр Астана», «Қазпочта», «Тау-Кен Самұрық» сынды «Самұрық-Қазына» активтері қызықтырады екен. Олардан 3-тен 5 миллиард долларға дейін пайда түсіру жоспарланып отыр. Тек бір ғана МӨЗ-ді жаңғыртуға 6,3 млрд доллар жұмсалған.  

ҚАЗАҚСТАН КЕДЕН ОДАҒЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТЕРІНЕН АРТТА ҚАЛҒАН  

2010 жылы Ресей, Беларусь және Қазақстан біртіндеп сапалы жанармай өндірісіне көшетіні туралы келісім жасасқан. Танымал «Еуро» стандарты Кеден одағына мүше елдер нұсқасында «К» қарпімен таңбаланатын болды: мысалы, К2 және т.б.  

Сол техрегламентте К4 және К5 экологиялық санатты мотор отындарындағы күкіртті қоспалар К2-ге қарағанда 10-50 есем аз болуы тиіс деп көрсетілген. Сонымен қатар, К5 автокөлік жанармайындағы бензол үлесі бірден 5 есеге азайтылуы тиіс. Астана, Мәскеу және Минск үшін бұл қоршаған ортаны қорғаудағы тарихи қадам болды.   
5.jpgРесейлік Lada Vesta Евро-5 стандартынан кем емес жанармай құюды қажет етеді / Сурет avtosreda.ru сайтынан алынды

Алайда, Ресей мен Беларусь өз мұнай зауыттарын жаңғыртуды іс жүзінде, 2015 жылы-ақ аяқтап қойса, Қазақстан үшін біраз қиындықтар туындаған. Біріншіден, ресейлік әріптестер республика аумағынан тыс жерлерге жанармай шығаруға қатысты Қазақстан ішіндегі тұрақты және маусымдық тыйым салуларға едәуір салқындық танытты, дегенмен, бұл интеграциялық үдерістерді тікелей бұзу болып саналатынын айта кету керек. Екіншіден, ҚР үшін 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін К2 санаттағы мұнай өнімін өндіруге рұқсат берілді. Ол өнімді тек біздің еліміздің аумағында ғана сатуға болады.    

2015 жылдың 26 мамырынан бастап Қазақстанға ЕАЭО елдерінен және үшінші мемлекеттерден тек Еуро-4 және одан жоғары экологиялық санатты автокөліктер әкелуге болады. Бұл ескірген транспорттардың елге көптеп тасымалданбауы үшін жасалған қадам еді. Бірақ қазақстандық МӨЗ-дерді жаңғырту жылдарында көлік иелері өндіруші белгілеген жанармайды емес, әлдеқайда төмен стандартты жанармайлар құюға мәжбүр болды. 
6.jpg2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖҚБ-ларда К2 және К3 санатты жанармайлар сатуға тыйым салынды  / Сурет inform.kz сайтынан алынды

Қазақстандықтар соңғы 4-5 жыл ішінде сатып алған жүздеген мың жаңа көліктер кем дегенде, Еуро-4, көпшілігі Еуро-5 санатты жанармай құюды қажет етеді, көлік құралдарының аздаған бөлігі паспортына сәйкес, тіпті Еуро-6 санатты жанармайды қажет етеді. Ресейден (Уфадан және Омскіден) жеткізілетін импорттық бензиннің арқасында көлік иелерінің бір бөлігі өндіруші зауыт талаптарын ойдағыдай орындай алды. Қалған бөлігіне қазақстандық жанармайды қанағат тұтуға тура келді.      

Қазақстан жанармай мәселесінде автопарктерді жаңартуға дайын болмай шықты. Қазір елімізде тіркелген жеңіл көліктердің 4 млн бірлігінің 66%-дан астамы – 10 жылдан және одан көп мерзімнен асқан көлік құралдары. Автокөліктердің тек үштен бірі ғана 0-ден 10 жылға дейінгі санатқа кіреді. Ондай көліктерге жанармайдың ең экологиялық таза түрі – К4 (Еуро-4) пен К5 (Еуро-5) қажет. Абсолюттік көрсеткішпен алғанда, әңгіме 1 млн-нан астам көлік иелерінің мүддесі туралы болып отыр.

БАСТЫ ҚИЫНДЫҚ – ЗАУЫТТАРҒА ҚАЖЕТТІ ШИКІЗАТТЫҢ ЖОҚТЫҒЫ  

1992 жылы Қазақстан 25 млн тонна мұнай экспорттаған, ал 2017 жылдың қорытындысы бойынша – рекордтық 86 млн тонна болған, оған қоса, ОПЕК және өндіруді шектеу жөніндегі келісімдер аясындағы мәміле шарттары бұзылған. 27 жыл бұрын республиканың қолданыстағы үш МӨЗ-інде шамамен, 18 млн шикізат қайта өңделген, Қазақстан бұл көрсеткішке қайтып жете алмаған. Іс жүзінде, барлық өндірушіге, оның ішінде, шетелдік компанияларға шикізатты шетелге тасыған тиімдірек болып отыр. Олар үшін экспорт әлдеқайда пайдалы әрі оңайырақ жұмыс.   
7.jpgҚазақстандық мұнай өндірісінің рекордтық көлемге жетуіне Қашаған жобасы зор үлес қосты  / Сурет  Informburo.kz сайтынан алынды

Экономикалық тұрғыдан алғанда бәрі қарапайым-ақ: қайта өңдеудің бұрынғы тереңдігі кезінде шикізаттық меншік иелері МӨЗ-ге ақша төлей отырып, сапасыздау өнім алып отырды, мемлекет өз кезегінде, ондай өнімдердің бағасын әсіресе, бөлшек саудада ұзақ уақыт қатаң реттеп отырды. Осы сала министрі Қанат Бозымбаевтың пікірінше, мұндай шара компаниялар үшін экспортқа тікелей сатудан түсетін пайдадан кем дегенде, екі есе аз пайда табу дегенді білдірген.  

2015 жылы мәжілісмен Шавкат Өтемісов Қазақстанда сол уақытта мұнай өндірудің 63 келісім-шарты жұмыс істегені, олардың 31-і мұнайды ішкі нарыққа жеткізу жөніндегі міндеттемелерді қарастырмағаны туралы деректі жайып салды. 68 келісім-шарттың 16-сы қосарлы барлауға және өндіруге қатысты талаптарды орындамаған да. Іс жүзінде, ішкі нарыққа шикізат жеткізу квотасы міндеттелген барлық келісім-шарттар өнімі азая бастаған кен орындарына қатысты болған. 

Өтемісов 2017 жылдан бастап мұнайды орташа айлық өндіру деңгейінен 30% көлемін тауарлық биржалар арқылы міндетті сатуды енгізуді ұсынды. Бірақ оның ірі жобаларға қатысы болмайды (әңгіме Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанға турасында – авт.). Олар өндірген мұнайды ішкі нарыққа жеткізбесе, республика шикізатқа қатысты өз қажеттіліктерін толық өтей алмайды. Мәжілісменнің пікірінше, Энергетика министрлігіне ел ішіндегі сұранысты қамтамасыз етудің қосымша тетіктерін әзірлеу қажет еді. Бірақ бұл ұсыныс МӨЗ жүктемесі мәселесін сол күйі шешіп бере алмады.   

Соңғы екі жылда Энергетика министрлігі өндіруші компаниялармен, «ҚазМұнайГазбен» арадағы лимиттер мәселесі бойынша бейресми түрде жиі жанжалдасып тұрған. Ұлттық компания басшылығы осы уақыт аралығында өзінің румындық еншілес компаниясына, Vega және Petromidia мұнай өңдеу зауыттарына шикізат жеткізу көлемін ұлғайта берген. Мәселе қазақстандық компаниялардың Еуроодақ нарығына деген агрессияшыл саясатында еді, қайткенде де жаңа тауашадағы орнын тауып, сол нарықтағы үлесі үшін күресуді жөн көрген.  
  
Нәтижесінде, биржалық саудаға енді ғана кіре бастады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның мұнай тасымалдау, қайта өңдеу және маркетинг жөніндегі вице-президентінің міндетін атқарушы Данияр Тиесовтің айтуынша, МӨЗ-дер жаңғыртылуынан кейін мұнай өндіруші компаниялардың табысы экспорттық жеткізілімдермен салыстырмалы болмақ. Мұнайдың таза әрі шынайы бағасы іске қосылғалы жатқан арнайы сауда биржасында белгіленетін болады.  

Энергетика министрлігі атынан реттеуші көзқарасына сүйенсек, дәл сол биржалық сауда мен қайта өңдеудің қаржылық тартымдылығы болашақта төртінші МӨЗ-ді де іске қосуға көмегін тигізбек. Болжал бойынша, төртінші МӨЗ-ге 6 млн тоннаға дейін шикізат қажет етілуі мүмкін. Бұл бүгінгі қолданыстағы үш зауыттың барлығы қайта өңдейтін үлестен үш есе үлкен көлем.   

Энергетика министрлігінің болжамынша, 2022 жылға қарай қазақстандық автопарктердің көбеюіне байланысты жанармай тапшылығы қайта туындамақ. Бұл мәселені төртінші МӨЗ шеше ала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз, өйткені өндіріс өзіне қажетті шикізатты ала алмауы мүмкін.   

Аударған: Мира Байбек
Редакция OpenAsia
Редакция OpenAsia
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало