Опубликовано 27.02.2020

БАЛАЛАРЫҢЫЗ СЕКС ТУРАЛЫ НЕНІ БІЛУІ ТИІС

Tyler Spangler

Қазақстанда жасөспірімдердің үштен бір бөлігі сексуалдық тұрғыдан белсенді екен. Бұл туралы БҰҰ халық қоныстану қорының (ЮНФПА) 2018 жылғы зерттеуінде айтылған. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің 91%-ы ВИЧ пен СПИД туралы толық білмейтін болып шықты. Ал сексуалдық тұрғыдан белсенді жасөспірім қыздардың 16,7%-ы жүкті болып көргендерін айтқан. Олардың көпшілігі (62%-ы) бала туған. 

Бұл көрсеткіштен шығатын қорытынды – балаңызбен секс туралы сөйлесу үшін оның ержеткенін күтіп отырудың қажеті жоқ. Жыныстық қатынас туралы қажетті ақпаратты уақытында алса, бала түрлі ауру мен жанкүйзелістерінен аулақ болады. 

Біз педагог, ЮНФПA-ның (БҰҰ халық қоныстану қоры) жыныстық білім беру курсының бірлескен авторы  Любовь Дорожкинамен балалар секс туралы қаншалықты білуі тиіс және олармен бұл тақырыпта қалай сөйлескен жөн деген сауалдар төңірегінде әңгімелескен едік.

Фото: pixabay.com, yairventuraf
7-11 жас

«7-11 жастағы оқушылардың жыныстық тәрбиесі – биологиядан алатын білім мен қауіпсіз жүріс-тұрысқа қатысты өмірлік дағдылардың қалыптасуы шеңберінде болады. Бұл жаста оқушымен оның бойында болып жатқан өзгерістер туралы сөйлесу керек», – дейді сарапшы. 

Балалар алдымен жыныс мүшелерінің атауларын білуі тиіс. Одан кейін қыз балалармен етеккір жайында, ал ұл балалармен – поллюция, яғни еріктен тыс шәуеттің бөлінуі туралы сөйлескен жөн. Сенімді әрі дер кезінде ұсынылған білім жасөспірімдердің өз келбеті мен денесінен ұялу сезімдерін жеңуіне, өз шекарасын біліп, бөтен шекараны сыйлап үйренуге, өз пікірін дәлелдей білуге, қоқан-лоққыға қарсы тұра білуге және оған жоламауды үйренуге көмектеседі.   

«Жыныстық қатынасқа көндіруге ешкімнің құқығы жоқ екеніне бала мән беріп үйренуі тиіс. Міне, дәл осы себептен де баламен әңгімелесіп, денесіне ешкімнің қолын тигізбеуге құқылы екені туралы, өзгелермен арақашықтық ұстап үйрену жайлы, егер бір жағдайға тап бола қалса не істеу және кімге айту жайында сөйлесіп отырудың маңызы зор», – деп кеңес береді Любовь Дорожкина.

Фото: aboutkidshealth.ca
11-13 жас

Сарапшы 11-13 жастағы етеккірі келген қыздар жеке бас тазалығы туралы және өзінің жыныс мүшесінің құрылысы жайынан хабардар болуы тиіс дейді. Жеке бас тазалығына қатысты мәселе ұл балалар үшін де маңызды болуы тиіс. Жетінші сынып оқушылары әйел мен ер адамның жыныс мүшелері қандай болатынын білуі тиіс. 

Фото: pixabay.com, pexels
13-16 жас

Дорожкинаның пікірінше, 13-тен 16 жасқа дейінгі балаға анатомия мен физиология туралы айтып берген дұрыс. Бала сәбидің қалай пайда болатынын, жүктілік пен ерте жүктіліктен сақтану жолдарын міндетті түрде білгені жөн. Әйтпеген жағдайда, жас қыздар мен бозбалалар жасөспірімдер арасында кеңінен тараған, ойдан шығарылған жалған әңгімелерге еріп кетуі мүмкін.   

«Жасөспірімдер жыныстық қатынас туралы ақпаратты достарының арасынан немесе интернеттен іздестіріп көреді, ал интернеттен порнографияны емін-еркін көре беруге болатыны белгілі. Ал порнография сенімді дерек көзі бола алмайды. Керісінше, оның жасөспірімге пайдасынан гөрі, зияны көп тиеді, себебі, махаббат пен жыныстық қатынас туралы жалған ақпараттардың психологияға кері әсері тиетіні дәлелденген», – дейді педагог.   

Любовь Дорожкина сонымен қатар, жасөспірімдер сексуалдық зорлық-зомбылық, денеге қол жүгірту дегеннің не екенін, жыныстық қатынасқа түсу немесе түспеу құқығы жайлы, сондай-ақ, жоғары сыныпта оқитын қыздардың жасанды түсік, яғни аборттың қаупі жайында білуі тиіс дейді.

Фото: pixabay.com, Anqa
МЕКТЕПТЕРГЕ ЖЫНЫСТЫҚ ТӘРБИЕ ПӘНІН ЕНГІЗУ ҚАЖЕТ ПЕ?
Фото: pixabay.com, Free-Photos

Мектептерде жыныстық тәрбие пәнін енгізу қажет пе, жоқ па деген сауалға келсек, сарапшы қазір қоғам салауатты өмір салтын ұстанатын, толыққанды отбасы болуға дайын жастарға айрықша зәру деп атап өтті. Бүгінде білім беру жүйесінің алдында оқушылардың жыныстық тәрбиесі мен оларды әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан отбасылық өмірге дайындау жүйесін дамыту міндеті тұр дейді сарапшы.   

Балалармен ашық сөйлесуді неғұрлым ертерек бастаңыз, шыншыл болыңыз және жүздеген ыңғайсыз сауалға жауап беруге дайын болыңыз. Сонда ғана бала қысылмай, өзін еркін сезіне алады әрі сізге сенім білдіре алады.

Фариза Оспан
Фариза Оспан
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало