Опубликовано 31.10.2017

IQ деген не және ол өмірімізге қалай әсер етеді?

Әр он жыл сайын адамдардың ақылы артып келеді. Неліктен?   IQ деңгейін анықтауға арналған тесттер компаниялар мен мектертерде өткізіледі, осы екі әріп жұрт назарында. Бірақ, бұл көрсеткіш нені білдіретінін, неге тәуелді екенін және карьерада табысқа жетуге қандай ықпалы бар екенін көп адам түсінбейді.

«Открытая Азия онлайн» серіктесі – Informburo.kz порталы осы санның өміріміздегі орны қандай екенін түсіндіреді.
 

 IQ деген не?

IQ (intelligence quotient, интеллект коэффициенті) – интеллект деңгейінің ортастатистикалық адаммен салыстырғандағы сандық көрсеткіші. Ортастатистикалық адам – коэффициенті өлшеніп отырған адаммен жасы және даму деңгейі шамалас адам. Сонда, IQ интеллекттің өз деңгейін емес, оның нормаға сай екенін немесе одан ауытқитынын көрсетеді.


Орташа IQ деңгейін адамның орташа бойымен салыстыруға болады. Мысалы,  зерттеуге қарасақ, Қазақстанда әйелдердің бойы орта есеппен 164,4 см, ерлердікі – 177,5 см екен. Адамның бойын орташа көрсеткішпен салыстырамыз да, ортадан асса – ұзын бойлы немесе керісінше деп есептейміз. Сөйте тұра, ол орташа көрсеткіш тұрақты емес, түрлі факторларға тәуелді шама екенін түсіну керек. IQ деңгейін анықтау да осыған ұқсайды.

IQ деңгейін анықтайтын тесттер қалай жасалады және қандай нәтиже қалыпты болып есептеледі?

IQ деңгейін анықтауға арналған тесттерді әзірлеудің біртұтас стандары жоқ. Бірақ, тесттердің барлығы жас санатына қарай бөлінеді. Сондықтан, студент пен баланың бірдей IQ көрсеткіші студент ақымақ, бала – ақылды дегенді білдірмейді. Олар өткен тесттер түрлі жас санаттарына жатады.


Тест авторлары оларды қалай өту керек екенін түсіндіретін нұсқаулықтар да жазады. Ол нұсқаулықтар тест нәтижесіндегі қатені азайту үшін керек. Тест құрамына ойлану, жад, қисын, білім сынды категорияларды тексеретін тапсырмалар кіреді. Орташа балл жүзге тек: тесттер нәтижелері көбіне осы көрсеткішке сай келетін етіп жасалады. Содан кейін осы орташа нәтижемен тест өтушілердің нәтижесі салыстырылады.


Сонда, IQ тестінің орташа көрсеткіші көпшіліктің деңгейі болып шығады. Сондықтан, орташа интеллект деңгейі – норманың өзі. Тест нәтижелерінде ауытқу болады, оған себеп көп: қобалжу, шаршау, асығыстық. Тек 79 балдан төмен нәтижені ғана ақыл жетілуінің кемістіні деп есептеуге болады. 130 балдан асатын интеллект деңгейі адамдардың 2,2 пайызында ғана кездеседі – зерттеуші Стюарт Риччи «Интеллект: маңыздының бәрі» кітабында осындай деректер келтіреді. Ал орташа дегейге тест өтетіндердің 68,2 пайызы сай келеді екен.

Дереккөз: Intelligence: All that Matters кітабы




Интеллект деңгейіміз не нәрсеге байланысты?

Интеллект – таным және тапсырма орындау қабілеті. Оған адамның түйсіну, қабылдау, елестету, ойлау, қиял сынды танымдық қабілеттері кіреді.


Адам интеллекті не нәрселерге тәуелді екенін ешкім нақты айта алмайды. Мысалы, ойлау – мидың қызметі екенін білеміз. Соған қарап, интеллект ми мен жүйке жүйесінің қандай да бір сипаттарына: мидың көлемі мен бедеріне, сұр заттың мөлшеріне, жүйке имспульстарының жылдамдығына тәуелді шығар деуге болады. Оның үстіне, түрлі сипаттардың қандай да бір үйлесімі әсер етсе керек. Әр сипатты жеке қарастырсақ, оның интеллектке қалай ықпал ететінін анықтау мүмкін емес. Мысалы, әйелдер миының көлемі ерлердікінен артық. Бірақ, IQ деңгейін анықтайтын тесттерде әйелдер орта есеппен ерлермен бірдей нәтиже көрсетеді. Бұл факт адамның интеллекті биологиялық жынысына тәуелді емес екеніне дәлел.


 Frequencies фильмінен кадр


Сонымен қатар, ғалымдар интеллекттің нәсіл не ұлтпен байланысын да таппады. «Интеллект пен дарын психологиясы» кітабында Ушаков мынадай деректер келтіреді: сапалы білім беруге мүмкіндігі бар отбасы асырап алып өсірген қара нәсілді жетім балалардың IQ көрсеткіші едәуір жоғары болады екен. Бұл ретте интеллектке гендік емес, әлеуметтік факторлар ықпал еткені анық. Бұған дәлел ретінде Стюард Ричидің гені бірдей егіздерге жүргізілген зерттеу туралы айтқанын келтіруге болады. Егіздер бала күінінде олардың IQ деңгейі шамалас, мұны генетикамен түсіндіруге болады. Ал балалар есейген сайын өзіне орта қалыптастыра бастайды: біреуі кітап оқып, пайдалы іспен шұғылданады, енді біреуі босқа жүреді. Сол кезде, гені бірдей бола тұра, IQ деңгейі біркелгі болмай қалады. Демек, адам есейген сайын айналасын көбірек бақылайды деген сөз. Ал адамның өзі қалыптастыратын ортасы оның IQ деңгейіне ықпал етеді.


Интеллект деңгейіне сыртқы факторлар ықпал ететініне өзге деректер де куә. Өмір деңгейі жоғары елдерде орташа IQ деңгейі де жоғары. Тамақтану мен медициналық қызмет сапасы, білімнің қолжетімдігі, қылмыс деңгейі мен қоғамдағы әлеуметтік ұстанымдар да IQ деңгейіне ықпал етеді.


Таң қаларлығы, IQ орташа деңгейі әлемде де, жекелеген елдерде де артып келе жатыр. Бұл процесс осы өзгерістер туралы деректер жинаған ғалымның есімімен Флинн эффекті деп аталады. Флинн эффекті парадоксты: орташа IQ деңгейі әр он жыл сайын артып отырады екен. Генетикалық және эволюциялық өзгерістер үшін бұл тым аз уақыт. Оның үстіне, бұл деректер интеллектті генетика, нәсіл, жыныс, ми сипаттарымен байланыстыруға мүмкіндік бермейді. Демек, адамдар түрлі себептермен «ақылдырақ» бола түседі, ал интеллект деңгейі нақты бір факторға тәуелді емес.

Орташа интеллект коэффициенті уақыт өте қалай өзгерді / Дереккөз: Intelligence: All that Matters кітабы


IQ деңгейіне не ықпал етеді?

Теориялық тұрғыдан, интеллект деңгейі үйрену, карьера жасау, сол арқылы табыс деңгейіне ықпал етеді деуге болады.


Стюард Ричи аз болса да тәуелділік бар дейді. Интеллекті жоғары адамдар дағдыларын жылдамырақ жақсартады, кәсіби жетістіктерге жетеді, сәйкесінше – табысы да жоғары. Бірақ бұл тәуелділік мінсіз емес: жоғары IQ деңгейі бола тұра, адам күш жұмсамаса, табысқа жету кепілі бола алмайды. Оның үстіне, жауапкершілік, белсенділік, мұқияттық сынды жеке қасиеттер де маңызды.


Стюард Ричи тағы бір қызық заңдылықты анақтапты: IQ деңгейі жоғары адамдар ұзағырақ өмір сүреді. Интеллекті төмен адамдарға қарағанда оларда қаза табу қаупі үш есе азырақ. Бұл заңдылықты түсіндіру қиын, алайда екі теория бұған қарағанда шындыққа жақынырақ көрінеді. Біріншісі – интеллект деңгейі жоғары адамдардың табысы көбірек. Бұл оларға дұрыс тамақтанып, сапалы медициналық қызмет алуға, салмағы мен физикалық белсенділігін қажет деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Екіншісі – олар жылдам талдау жасай алады, сондықтан қауіпті жағдайлардан қашып жүреді. Ал ондай жағдайға тап бола қалса, тірі қалу мүмкіндігі көбірек, өйткені саналы әрекет етеді.


IQ деңгейін өлшеу неге керек?

IQ деңгейі – өмірдің өлшемі, жарқын болашақтың кепілі емес. Интеллект не нәрсеге тәуелді екенін тап басып айта алмаймыз. Ендеше, осыншалық бұлыңғыр көрсеткішті өлшеудің не қажеті бар?

IQ деңгейін анықтайтын тесттер әлденені үйрену үшін ерекше жағдайды қажет ететін адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Баланың тест нәтижесі ортадан жоғары болса, оны едәуір күрделірек бағдарлама бойынша оқытқан дұрыс. Ал төмен болса – оған қамқорлық танытып, нан тауып жеуге жетерлік білім алуына жағдай жасау керек.


IQ туралы нені есте сақтау керек?

Интеллект деңгейіне ықпал ететін нақты факторлар жоқ. Интеллект деңгейі әлдекімді жақсырақ, не жаманырақ етпейді. Әйелдер еркектерге қарағанда ақымақтау емес екенін, ұлттар мен нәсілдер «ақылдырақ», «ақымақтау» болып бөлінбейтінін, табысқа жету тек өзімізге байланысты екенін ұмытуға болмайды. Адамдар арасында дискриминация емес, өзара сыйластық болуы керек.

Редакция OpenAsia
Редакция OpenAsia
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало