Опубликовано 27.02.2020

МЕН ҚАЛАЙ АЛЛАҒА СЕНІП ЖҮРІП, БАЛГЕРГЕ БАРДЫМ

pinterest.com

Дінді берік ұстайтын отбасында өсіп, бірақ көріпкелдер туралы шоуды жасырын қарап, жылдар бойы балгерге барып жүрудің қандай екенін білесіздер ме? The Open Asia редакциясына жолдаған хатында белгісіз автор өзінің балалық шағы, психологиялық күйзелістері, діни күнәлары мен жасаған шешім-әрекеттері жайлы ой бөліскен екен.  

Мектепте оқып жүрген жылдары мен ресейлік телеарнадағы көріпкелдер туралы мистикалық шоу-бағдарламаны тығылып көруді әдет қылған едім. Ата-анамның ол бағдарламаны көруге тыйым салуы менің оған деген жасырын қызығушылығымды тіптен арттырып жіберді. Оның үстіне, ол шоуды неге көруге болмайтынын ешкім түсіндірмейтін. Бірақ бағдарлама барысында Ресейдің әлдебір түкпірінен келген әлдебір сыйқыршы әйел адам өлімі болған жердің жұмбағын ашу үшін арлы-берлі жүріп, тылсым әлеммен байланыс орната бастаған сәтте, әкем пультті алып, басқа арнаға ауыстыра қоятын. «Харам» — әкем тісін қайрай осылай дейтін. Ал мен ішімнен ары қарай не болғанын білгім келіп, екінші бөлмедегі теледидарға қарай тұра жүгіретінмін. Көгілдір экранның ар жағында қып-қызыл детектив болып жататын: кәдуілгі ізкесушілерден айырмашылығы, түрлі әшекей-салпыншақ тағынған көріпкел әйелдер мен еркектер қылмыстың бетін ашуға ұмтылатын. Асатаяқ, малдың тұяғы, шар, сіріңке, елес шақыратын жұмбақ шеңбер, соның бәрі тылсым дүние мен осы дүниенің арасын байланыстырып жататын.    

«ХАРАМ» — ӘКЕМ ТІСІН ҚАЙРАП ОСЫЛАЙ ДЕЙТІН

Кейде көріпкел-экстрасенстерге деген қызығушылық біздің үйдегі діни ұстанымдарға деген менің балалық қарсылығым болған шығар деп ойлаймын. Әр жұма сайын ата-анам бізге Құраннан үзінділер келтіре отырып, пайғамбар өмірінен шағын әңгімелер айтып беретін.    

Маған әкемнің мешітке кеткен кезі ұнайтын, өйткені анам діни қағидаларды жұмсақтап айтатын әрі Жаратушы өзі жаратқан барлық тіршілік иесін жақсы көреді дейтін. Бірақ анамның даусы жыл өткен сайын күбір-сыбырға ұласып бара жатты. Керісінше, әкемнің үні үйде өктемірек шығатын болды, ол тіпті «жазаға тартыласың» деген пәлсапаны басты тәрбие құралы етіп жібергендей еді. Бірде жаздыгүні інім сол кездері қат болып кеткен «Қарақұм» кәмпитін жастығының астына тығып қойыпты. Онысы күннің ыстығынан еріп, төсек-орнына жағылған екен. Оны көрген әкем ештеңе демегенімен, таңғы ас кезінде ініме Алланың барлық жерді көріп тұратынын, кез келген жағымсыз әрекетіміз үшін о дүниеде тозақ отына салып қинайтынын айтып, дәріс оқыды. Сол кезде Аланның шошып кеткені сонша, кейін ержетіп есейсе де, әлі күнге дейін тәтті, әсіресе кәмпит атаулыны аузына салмайтын болды. 

Жалпы, отбасымыз дінге сенгенімен, қатты беріліп кеткен емес. Бізге жақын тұратын көршілерімізді әкем «адасқандар» деп отыратын. Олар теледидар қарамайтын, балалары тек өз үйлерінің ауласында ғана ойнайтын, ал аналары көшеге тек қара түсті киіммен, онда да күйеуімен бірге шығатын. Беті-аузын түгел тұмшалап алатын әйелдің көзі ғана жылтырап тұрушы еді. Кейде мен сол көршімді мешіттен көріп қалатынмын. Сақалы тым ұзын болғандықтан, ол тым кәрі көрінетін, бірақ үстіне аңқытып иісмай сеуіп алатын. Сондайда осыншама кәрі адам неге сонша иісмай құйып алған деп таңданатынмын. 

Жылдар өтіп жатты, мен де бойжетіп, мамандық таңдап, білім алатын шаққа жеттім. Әкем бірден іске кірісіп, қалада тұратын орын да тауып берді. Ол ҚТЛ-дың бұрынғы тәрбиеленеушілері жалдап тұратын пәтер екен. Ата-анам менің сол қыздармен бірге тұрып жатқанына қуанышты болғанымен, менің олармен сөйлесе алмайтынымды білген жоқ. Біртіндеп мен өзімнің жаңа құрбыларымды таптым. Олар қаланың еркін жүріп-тұратын қыздары еді. Бастапқыда олардың өмір салты мен ой-өрістеріне ерекше қызығып жүрдім, ал екінші курстан бастап олар мені өз орталарына қосты.   

Нұргүл, Айман, Махаббат және мен. Төртеуіміздің жұбымыз жазылмайтын. Етегі қысқа көйлек киіп, баттастыра боянып жүрсе де, қыздардың ешқайсысы ер адаммен қарым-қатынас құруды білмейтін. «Сүйеді/сүймейді» деген балалардың ойыны астроболжамдарға, нумерологияға немесе әлдебір эзотерика түріне ауысқан кез. Мен екі түрлі өмір сүріп үйреніп қалғандықтан, өзімнің діни жолдағы көршілерімнің жанына, қалыпты өміріме қашанда қуана оралатынмын. Бірде қайда отырғанымды ұмытып кетіп, көрші қызға Меркурийдің кері әсері болатындықтан, қатты ашуға берілмес үшін көп сөйлеспеу керек екенін айтып қалдым. Сол сөзім үшін олар маған ондай бос нәрсеге сенбеу керегін, Исламдағы ең ауыр күнәнің бірі – Аллаға серік қосу екенін айтып, біраз уақыт бойы уағыз айтты. Мұның бәрі тағы да әкемді, оның мәңгілік тозақ оты мен ауыр күнәлар туралы уағыздарын есіме түсіріп жіберді.   

Сол сәттен бастап ҚТЛ қыздарымен арадағы қарым-қатынасым нашарлап кетті. Олар менің астроболжамдар туралы журналдарымды қоқысқа лақтырып, кейде үйге кеш қайтсам, есікті іштен жауып алатынды шығарды. Тіпті, бірде егер көшіп кетпесем, әкеме айтамыз деп қорқытты.   

Нұргүл мені қала орталығындағы пәтеріне қуана-қуана тұрғызды. Мұнайшының қызы ештеңеден қысылмай, ауқатты тұратын, бірақ төртінші курста оқитын жергілікті сымбатты жігітті өзіне қарата алмай жүрген еді. Бірде ол маған жылап тұрып, қала сыртында тұратын әлдебір Майя деген әйелге бірге барып  келуімді сұрады. Нұргүл өзінің жол таңдамайтын көлігімен қорқасоқтап жүретін, ал қала сыртына шыққанда тіптен есі шығып кетті. Екі сағат бойы ескі үйлер орналасқан ауданды шыр айналған соң, іздегенімізді таба алмаған біз кері қайтпақ болдық. Қуанышқа орай, сол сәтте өтіп бара жатқан бір жүргінші біздің Майя деген адамды іздеп жүргенімізді естіп, жұмбақ күлімсіреді де, жол көрсетіп жіберді. 

Үйін іздеп жүрген кезде-ақ мен оның келбетін көз алдыма келтіріп едім. Қолына шырақ немесе шар ұстаған көріпкел шығар деп ойлағанмын. Алайда Майя кавказдық сөйлеу мәнері аздап білініп тұратын қарапайым әйел екен. Ол бізді үйімен қатар тұрған шағын жайға кіргізді, іші жерлеу рәсіміне қажетті бұйымдар сататын дүкенге ұқсайды екен. Қабырғаларда иконалар ілініп тұрса, үстел үстінде Құран кітабы жатты, ал оның жанында карталар шашылып жатыр. Осы жерге кіргенде Майяның өңі кіріп, жүзі бал-бұл жанып кетті. Ол мен телешоулардан көріп жүрген кейіпкерлерге енді ұқсай бастағандай. 

— ЕТЕККІРІҢ КЕЛІП ЖҮР МЕ? – ДЕП СҰРАДЫ ОЛ МАҒАН ЖАҚЫНДАП.

— ЖОҚ, - ДЕП МЕН ШОШИ ЖАУАП БЕРДІМ.

Сөйтсе, қан Майяның жұмыс істеуіне кедергі келтіретіндіктен, етеккірі келген әйелдерді қабылдамайды екен. Нұргүл әрең демін алып, басындағы қиындығы туралы айта бастады, оның әңгімесіне құлақ салған Майя жиналып тұрған картасын шашып жіберді. Содан соң ол үш картаны аударыстырды да, құрбым айтып жатқан әңгімеге қатысы жоқ әлдебір жайтты егжей-тегжейлі түсіндіре бастады. Сөйтсе Нұргүлдің гүл жайнаған өмірі бір сәтте күл-талқаны шыға жаздаған екен: әкесінің ашынасы бар көрінеді, отбасы банкротқа ұшырағалы тұр екен, ал алдағы бес жыл ішінде Нұргүл тұрмысқа шыға алмайды-мыс. Дегенмен, егер бір ай бойы Майяға тазаруға келіп тұрса, бар қиындықтың алдын алып, орнына келтіруге болады екен. Нұргүл еш ойланып жатпастан, бірден келісімін берді.   

Бірақ көріпкел әйелдің аузынан шыққан тазару рәсімдерінің құнын естігенде, оның қасиет-дарынына мен күмән келтіре бастадым. Нұргүлге қашан, не істеу керек екенін түсіндіріп болған соң, ол маған қолын созды. Тамырымды ұстап, картасын ары-бері шашып отырып, күлімсіреуін доғармады. Менің болашағым Нұргүлдікіне қарағанда әлдеқайда жарқынырақ болатынын білдік. Көп ұзамай өмірлік жарымды жолықтырып, жақсы жұмысқа орналасады екенмін, ата-анам да ұзақ өмір сүреді екен, ал мен тағдырдың бар тарту-сыйын қабыл алып, қуанып жүрмекпін. Сонымен үйге біз үн-түсіз қайттық. Нұргүл сол сеанстан кейін кейін жолда жүруді тез меңгеріп алды, ал мен өмірдің расымен де тамаша екенін байқай бастаған сияқтымын. 

Мен Жаратқанға құлшылық істеп, әр түн сайын өзім кездестірген сүйікті адамым үшін, жақсы жұмысым үшін дұғалар оқып жүрдім. Ал ең қызығы, ата-анам менің Нұргүлмен тұрып жатқанымды естіп, айғайлап ұрысқан жоқ.    

Ал менің ол құрбымда бәрі көріпкел айтқандай болып шықты. Бірақ көріпкелдің «жолыңды тазартып беремін» дегені өтірік болып шықты. Тіпті дәстүрлі әдістермен дұға оқыса да, еш көмегі тимеді. Нұргүл тек он жылдан соң ғана тұрмысқа шыға алды, ал мен ол кезде екінші рет тұрмыс құрып үлгерген едім. Біздің сүйікті Майя апайымыз да өмірден өтіп кетті, дегенмен осы уақыт аралығында менің қойын кітапшам неше түрлі көріпкел-балгердің, сыйқыршылар мен құмалақшылардың аты-жөніне толып қалды. Олардың бәрі де маған жарқын болашақ пен жағымды өзгерістер туралы айтатын. Бірақ мен Аллаға сенуден әсте жаңылған емеспін, ал ол адамдар менің дұға-тілектерімнің тезірек орындалуына септігін тигізген де шығар. Олар кейде басыма түскен қиын сәттерде мені тыныштандырып, болашақтан үміт үзбеуді үйретті десем, артық айтпаспын. Ата-анамның дүние салуы, күйеуіммен ажырасқан сәтім – соның бәрі дуадан, тіл-көзден деп түсіндіретін олар, бірақ жасаған қателіктерім үшін ешқашан мені кінәлап, тозақ отымен қорқытқан емес.    

Бәлкім, мен сыйқырға емес, бір кездері әкемнен ести алмаған жылы сөздерге сенетін шығармын... 

Редакция OpenAsia
Редакция OpenAsia
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало