Опубликовано 21.03.2020

«Қалаулымның» бұрынғы қатысушысы: хейт, дау-жанжал және жобаның жастарға ықпалы жайында

фото: Бахтияр Келіс

«Қалаулым Сен» – қатысушылары өз махаббатын іздейтін қазақстандық телешоу. Алайда оны бақытты жұптар шығарумен емес, түрлі дау-жанжал, төбелестерімен әйгілі болған жоба деуге болатын шығар. Ал бағдарлама кейіпкерлерінің жағымды ғана емес, жағымсыз аттары да шығып жатады. Қалай болғанда да, пиардың аты пиар. The Open Asia редакциясы аталмыш телевизиялық шоудың бұрынғы қатысушысы Жанар Мырзабекованы сөзге тартып, жобаның оның өміріне қалай әсер еткені жайлы сөйлесіп көрген еді. 

Шегініс

«Қалаулым Сен» реалити-шоуының «Еуразия» бірінші арнасынан шығып жатқанына 2,5 жыл болды. Толықтай қазақ тілінде шығатын жоба қазақ аудиториясын бірден жаулап алды десе де болады. Бір маусым қатысушыларының жалпы саны – 25 адам. Олардың әрқайсысы өзін таныстырып қана қоймай, сенімді үміткермен де таныса алады. Кез келген телекөрермен студияға келіп, өтінім қалдыра отырып, өзі ұнатқан қатысушымен шынайы өмірде танысу мүмкіндігіне ие болады. Егер ол жұп кездесіп жүретін болса, онда әлеуметтік желідегі парақшаларында және эфирде қарым-қатынастарының қалай дамып жатқаны туралы әңгімелеп отыруға міндетті. Осы жобаның арқасында бірнеше жұп үйлену тойын өткізді.  

Дегенмен, бәрі біз ойлағандай тамаша бола бермейтіні де рас. «Қалаулым сен» шоуы – тұнып тұрған трайбализм, гомофобия мен сексизм деп атап өтті журналист әрі медиасыншы Нәзира Дәрімбет. Өйткені, бағдарламадағы танысулардың басым көбі «Сен қай жүзсің?» деген сұрақтан басталады. Оған таңғалудың қажеті де жоқ, жоба қатысушылары – Қазақстаның әр түкпірінен келген. Негізінен, 30 жасқа дейінгі қыздар мен жігіттер көп келеді. Олардың тағдыры да, көзқарасы да, қызығушылықтары да әртүрлі.  

Ажырасқан, әсіресе балаларымен келген үміткерлер көп сынға ұшырап жатады. Жігіттер қыздардан көбінесе ата-анасын қаншалықты күтіп-баптай алатынын білгісі келсе, қыздарды жігіттің жағдайы қызықтырады. Қатысушылар өз пікірлерін айту барысында кейде дауласып, соңы төбелеске ұласып кететінін бар. Ең қызығы, сондай көріністер көрерменге қатты ұнайды, сол үшін де жобаны НТК арнасы «Қалаулым Life» деген атаумен және жаңа қатысушылармен көрсете бастады. 

Шоу барысындағы дау-жанжалға бүкіл ел көз тігіп отырады. Қатысушылар біртіндеп танымал бола бастайды. Кейбіреуінің Инстаграмдағы жазылушылар саны 2 миллионға дейін жетеді. Оларға киімнен бастап, фитнес залдарына дейінгі түрлі тауарлар мен қызмет көрсетулер саласынан жарнама туралы ұсыныстар түсе бастайды екен. 

«Ажырасқандарды» айыптауға құштарлық

Жанар Мырзабекова Оралдан келген. Бұрын тұрмыста болған, күйеуі көзіне шөп салғаннан кейін ажырасып кетіпті. Содан соң Алматыға келіп, жаңа өмір бастаған екен. Косметолог мамандығын оқыған соң бойжеткен біраз уақыт жалданып жұмыс істеп, несие алып, өзінің сұлулық салонын ашыпты. Жанар біраз қиындықты бастан өткерген екен. Екі жұмысты қатар атқара жүріп, «Қалаулым Life» теелжобасына да қатысып үлгерген. 

«Алматыда ешкімді танымайтынмын. Бір күні бүкіл ақшамнан айрылып қалдым. Амал жоқ, бар алтынымыды ломбардқа өткізуге тура келді. Хостелдің не екенін де сол кезде алғаш рет білген едім, біраз уақыт сонда тұрдым. Мен үшін ол бір сынақ кезеңі болды. Анама жұмысқа орналастым деп қойдым. Бірақ көп ұзамай Жаратқанның қалауымен президенттік шипажайға косметолог болып жұмысқа орналастым. 4 күнде 95 000 теңге таптым. Сонда қарнымның ашқаны сонша, сол ақшаға түгелдей өзіме тамақ сатып алыппын. Біртіндеп өзіме көңілім тола бастады. Ол жерде жарты жылдай жұмыс істедім. Содан соң несие алып, шағын бір бөлмені жалға алып, салон етіп жабдықтадым. Несиені өз атыма алдым, жөндеу жұмыстарын да өзім жүргіздім, еденді де тазаладым. Осы шоуды көріп жүретінмін, қандай жоба екені, онда неге бәрі ұрсысып, төбелесіп жататыны қызық болатын. Сөйтіп жүріп өзімнің де тікелей эфирге қатысып көргім келді, оның үстіне, өз жұбымды тапсам деген ниетім де болды. Менімен танысуға 6 үміткер келді. «Қалаулымда» бізді стилистер киіндіріп, макияж жасап берді. «Қалаулымға» таңғы 8-ден баратынмын, эфир сағат 12-де басталып, күндізгі 4-те бітетін. Содан соң жұмысқа барып, алдын ала жазылып қойған клиенттерімді қабылдайтынмын. Кешке мейрамханада жұмыс істейтін едім. Мейрамхана иесі әйел адам, соған чектер мен асүйді тексеруге көмектесіп, ыдыс-аяқ түгендеп жүретінмін. Бәрі менен қалай шаршамайтынымды сұрайтын. Бастапқы айларда тек 2-3 сағаттан ұйықтайтынмын. Кейде тіпті ұйықтамайтынмын да. Бірақ онымды ешкімге білдірмейтінмін. Менің өз мақсатым болды, несие алдым, ешкім маған бизнесін сыйға тарта салған жоқ», – деп еске алады Жанар.  

Өзіне қарата айтылған ең ауыр сыни сөздерді бойжеткен «ажырасқан» деген аты үшін естіген екен. «Қазақтардың менталитеті сондай, маған ажырасқан әйел бағдарлама қатысушысы бола алмайтынын және бұрын-соңды үйленбеген жігітке тұрмысқа да шыға алмайтынын айтатын. Бізге көбінесе ер адамдар солай дейтін. Ешқандай қыз күйеуге ажырасамын деп шықпайды. Қыздарды ата-аналары олай тәрбиелемейді, қайта тұрмысқа шықсын, бақытты болсын деп тілейді. Менің жағдайыма келсек, ажырасуымды тағдырдың ісі немесе жастықтың қателігі дер едім. Осындай жанды жеріңе тиетін нәзік тақырыптар көп қозғалатын, дау-дамай да сондайдан туындап кететін. Олар маған «Ажырасқан екенсің, онда өзің кінәлісің, шыдау керек еді» деп шығады. Маған қатысушылардың бізді, ажырасқандарды тістелген алмаға теңейтіні ұнамайтын», – дейді Жанар.  

Жас кәсіпкер өр мінезді болғандықтан, қаржылық дағдарыстан қорықпайтын батыл жігітті жолықтырғысы келген екен. Жанарды сол талабы үшін кінәлағандар болған. «Біздің отбасымызда «егер күйеуге тисең, бәріне шыдау керексің» деген ұстаным бар. Бірақ мен олай ете алмадым, күйеуімнің көзіме шөп салғанына шыдай алмадым. Мен кем дегенде, 500 000 теңге ақша табатын ер адамды іздеймін. Және ол қазақ болуы тиіс. Маған «тым тәкаппарсың, жігіттерді таңдағышсың» деушілер болды. Ол адам намаз оқитын болса деген де тілегім бар. Болашақта өзімнің де намаз оқу ниетім бар. Алға құрған жоспарларым өте көп, сол мақсаттарға бірге жететін, отбасын құратын адам болса деймін, сонда балаларымыз да ештеңеден тарықпас еді», – деген ойымен бөліседі жоба қатысушысы. 

Бойжеткен сыртқы келбеті үшін де көп сын естіген екен. «Мені бәрі жасанды сұлусың, барлық жеріңе операция жасатқансың деп кінәлайды. Мен ернімді үлкейтіп, блефаропластика жасатқанымды мойындаймын. Маған көбі «дауысың жағымсыз, түрің сүйкімсіз, жасанды, телехабарға өзіңе жарнама жасау үшін келгенсің, нағыз әртіссің» деп пікір қалдырып жатады. Бірақ мен ондайларға мән де бермеймін», – дейді Жанар. 

Маған қатысушылардың бізді, ажырасқандарды тістелген алмаға теңейтіні ұнамады
Шынайы өмірдегі адамдардың реакциясы

Жанар орынсыз кінәлау мен жағымсыз айыптауларды тек ток-шоуда ғана емес, бүкіл елге танымал болған қазіргі уақытта жиі еститін болған. Тіпті, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері де алғаш көрген сәтте бірден таныған екен. «Бірде ХҚКО-ға барып, жоғалтып алған жеке куәлігімді жылдам істетіп алмақ болдым. Бірақ ондағы әйел адам маған қызмет көрсетуден бас тартты. Ол операциядан кейін жарасы білініп тұрған ерніммен құжатқа суретке түсе алмайтынымды айтты. Мен далаппен жасырып қояйын дедім. Сол кезде ол менен «Қалаулымдағы» Жанарсың ғой!» деп бүкіл елге естірте айғай салды. Дүкенге барсам да маған «тым өркөкірексің» деп ұрсып жататындар табылады, артық тиынымды бетіме лақтырып, картамен төлегім келген ақшамды қабылдамай қоятындар да болады. Таксиде келе жатсам, жас немесе ересек жүргізушілер тани кетіп, ауыр сөздер айтып қалуға тырысады, ондайда көзіме жас келетіні рас. Сыныптастарым да хат жазып, неге ол бағдарламаға қатысқанымды, өзімді неліктен жексұрын етіп көрсететінім туралы сұрап жатады. Бірақ ол бағдарламада отырып, жексұрын болмау мүмкін емес, өйткені өзіңді қорғамасаң, болмайды. Жоба қатысушыларының көбі мен сияқты өз пікірін қорғауға тырысып жатады. Бірақ кейде сол шындық кімге керек деп ойлайсың. Әркімнің өз шындығы бар екен», – дейді Жанар. 

Бойжеткен жобаны 2 айдан кейін, ата-анасы мен туыстарының қысымынан кейін тастап кетіпті. «Анам жобада соңына дейін қалуға рұқсат бермеді. Өйткені, мен ол жерде қатты ұрыс-керістен әрқашан жылап қала беретінмін. Тіпті, бір қызбен төбелескен кезім де болған. Бірде бағдарламаның жаңажылдық шығарылымын түсірдік. Оператор бір кадрды бірнеше рет түсіре берген соң ашуым келіп кетті. Оны асықтыра бастағанымды мойындаймын. Бірақ ол тым шектен шығып кеткен еді. Мен жеке басыма тіл тигізгенді көтере алмаймын. Содан соң сыртқа шығып сөйлеспек болдық, бірақ соңы төбелеске ұласып кетті. Ол жағы эфирде көрсетілген жоқ», – деп еске алады Жанар. 

Ата-анам маған не жетпейді, бізді ұятқа қалдырдың деп ұрысты. Туысқан әпке-жеңгелерім де жобадан тезірек кетуімді сұрады. Олар менің мінезімнің шындығында басқа екенін айтып, ол жерда жүрмеуімді өтінді.
Тележобаның өскелең ұрпаққа ықпалы

Жанардың айтуынша, өзіне 13-16 жастағы қыздар жиі еліктейді екен. «Мен қазір барынша үлгілі болуға тырысамын, өйткені мені жас қыздар көп қарайды екен. Егер оларға уақыт бөле алмай қалсам, хабарласып, тіпті жылап жатады. Олардың мені көретін себебі, менің сыртқы келбетім, сұлулығым, дауысым қызықтырады. Қиын сәттерде мәселені көңіл күйді түсірмей шешуге тырысамын. Сол қасиетімді әрі қарапайымдылығымды көп адам байқап жүреді екен. Өзім қандай жағдай болмасын, кім не айтпасын, бастысы, адами қалпыңнан айнымау керек деп ойлаймын», - дейді Жанар. 

Қалай дегенмен де, жоба Жанарды танымал етті. Бүгінде ол табынушыларымен өзінің сұлулық салонында кездесу ұйымдастырып тұрады, оған алуан түрлі тауар мен қызмет түрлеріне қатысты ұсыныстар түсіп жатады: «Көптеген дүкендермен ынтамақтаса жұмыс істеймін. Киім, аяқ киім, әшекей бұйымдар – бәрі тегін келеді, ал мен оларды жарнамалап тұрамын. Тіпті, блефаропластиканы да тегін жасаттым. Жаттығу залдарына, салондарға сол телешоудың арқасында тегін қол жеткіздім. Өзім үшін осылай болғаны ыңғайлы әрі үнемді. Қазір көптеген клиенттерім, қыздар жағы арнайы іздеп келіп, мені көргендерін, оларға ұнайтынымды айтады, солармен бірге кофе ішіп, жиі әңгімелесіп тұрамыз. Жігіттер жағының менімен танысуға батылы жете бермейтін көрінеді. Көпшілігі жазбаларымның астына жақсы пікірлер қалдырып жатады», – деп ой бөліседі кейіпкеріміз. 

Жобаға қатысып жүрген кезінде Жанар өз жартысын таба алмаған екен. Дегенмен, өзі туралы айтып үлгеріпті: «Соңғы сәтте Инстаграмда бір жігіт маған хат жазды. Мен оған таныса алмайтынымды, бағдарламаға қатысып жүргенімді, егер қаласа сол жерге келуіне болатынын айттым. Сонда күтпеген жерден бейтаныс жан біресе салоныма, біресе түсірілім алаңына баратын жолда маған қайта-қайта сыйлықтар беріп жібере бастады. Бағдарламаның бір сериясында, маған екі жігіт қатарынан ұсыныс жасаған күні маған үлкен жұмсақ қонжықты сыйлыққа жіберіпті. Сөйтіп жүріп, мен өзім танымайтын бейтаныс жігітке ғашық болып қалдым. Бірақ ол жігітпен сол күйі кездеспедік. Бағдарламаның арқасында маған көңіл аударатындар көбея бастады». 

Жоба қатысушысы болғаннан кейін бойжеткеннің өмірі күрт өзгерген екен. Көптеген адамдар үшін ол «Қалаулымдағы Жанарға» айналыпты. Өз бақытын табу үшін және жеке кәсібін дамыту үшін оған жаңа мүмкіндіктер ашылыпты. Бизнестің жаңа түрін дамытып, отбасын Алматыға көшіріп, бауырының жоғары білім алуына да жағдай жасай алған екен. 

Мадина Жандарбекова
Мадина Жандарбекова
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало