Опубликовано 03.07.2017

Криптовалюта деген не және оны Қазақстанда пайдалануға бола ма?

Не болды?

Криптовалютаның әлемдегі танымалдығы Қазақстанға да жетті. Жұрт оған қызығушылық таныта бастады. Көп адам істің мән-жайына бармастан, қолындағы ақшасын криптовалютаға айналдырып та жіберді. 


ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, Астанадағы OneCoin псевдокриптовалюталық пирамидаға екі жыл ішінде (2015 жылдан бастап) салымшылардан 2,2 млрд теңге құйылған екен. 


Тергеушілер анықтағандай, Қазақстанда бірнеше адам шетелдік OneCoin компаниясының атынан әрекет етіп, осы аттас криптовалюта сатамыз деп азаматтарды алдаған. 


Оны қалай жасаған? МКД деректері бойынша, олар осы криптовалютаның айрықша екенін жарнамалап, оның бағамы шапшаң көтеріліп, келешекте мол табысқа кенелтеді және онымен тауарлар мен қызметтер ақысын төлеуге болады, жаңа салымшылар тартқаны үшін көп деңгейлі бонустар жүйесі көзделген және 2018 жылы криптовалюта әлемдік биржаларға шығады деп өтірік айтқан. Осылайша, жұртты 140 евродан 118 000 евроға дейін тұратын трейдер пакеттерін сатып алуға икемдеген.  


  OneCoin.jpg

 YouTube арнасындағы видеодан скриншот


Өтірік неде? МКД Tengrinews.kz порталына берген түсіндірмесінде OneCoin өнімі нақты криптовалюта емес, онлайн ойындарда қолданылатын электрон төлем бірліктерінің баламасы ғана екенін айтты. Сәйкесінше, салымшыларға асқан пайдаға кенелу туралы айтылған ақпараттың бәрі - қылмыс жасау мақсатындағы өтірік. 


Сөйте тұра, әлемде нағыз криптовалюта бар және оның танымалдығы да, жұрттың оны қолдануы да артып келеді.  «Открытая Азия онлайн» оқырмандарына криптовалюта деген шын мәнінде не нәрсе екенін, оған бір нәрсе сатып алуға болатын-болмайтынын және нағыз криптовалютаны жалған бірліктерден қалай ажыратуға болатынын түсіндірмек болды. 

Криптовалюта деген не?

Интернетте жасалып, сонда әрекет ететін орталықсыздандырылған цифрлік валюта. Ол криптографиялық ("құпия жазу" деген сөзден шыққан, өзгертуге келмейтін таңбалар жиынтығы) технологиялармен қорғалған. Атауы да содан шыққан. Бұл ақша бірліктерінің физикалық баламасы жоқ, олар тек виртуал кеңістікте ғана жүреді. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл онлайн-ойындағы тиын-теңгелерге ұқсайды, тек оны ойында ғана емес, ауқымдырақ мақсатта да қолдануға болады.

Әлемдегі ең танымал криптовалюта қайсы?
Ең танымалы – Bitcoin (биткоин). Сондықтан, криптовалюта деген не екенін түсіндіру үшін мысалға осы бірлікті аламыз.

Тарихқа біраз шолу жасасақ. Интернет-банкинг және ақпараттық кәсіпкерлік жылдам дамып келеді. Бірақ, қолайсыздықтары мен қиындықтары да жетерлік. 2009 жылы солардың бір бөлігінің шешімін аноним (бір адам немесе адамдар тобы) Сатоши Никамото ұсынып, математикалық есептеулерге негізделген жаңа төлем жүйесін таныстырды. Сол - биткоин еді.

bitcoin1.jpg
Символ биткоина

«Лайфхакер» сайты биткоин феноменін мүлде оңай - лимонад қақпақтарымен салыстыра отырып түсіндіреді:

«Айталық, ол қақпақтарды қолдан жасай алмайсыз, дүкен аралап, лимонадтың бәрін сатып алуға да болмайды: ол лимонад енді шығарылмайды. Қақпақтар саны шектеулі және қанша екені белгілі, сондықтан, әлдебір жерде кездесіп қала ма деген үмітпен тек аяғыңыздың астына қарап жүргеннен басқа амал жоқ.

Кез келген шектеулі ресурс сияқты, ол қақпақтардың да сұранысқа қарай өсіп отыратын құны бар. Алғашқы қақпақтарды табу оңай, уақыт өткен сайын қиындай береді. Жұрт кезекті бір қақпақты табу үшін топтанып, бірлесіп, біраз күш жұмсауына тура келеді. Ол табысын қандай да бір қажет заттарына айырбастап ала алады, ал жұрттың көбі тіпті келешекте бағамы артады деген үмітпен қақпақтардан қор жинайды».
Криптовалютаның арқауы не және ол қалай шығарылады?
Қандай да бір елде шығарылатын валюта алтын қорымен бекітіледі деп есептеледі. Әйтсе де, қазір валюта басып шығарып отырған әр елдің сол ақшасын қамтамасыз ете алатын бағалы металл қоры жеткілікті екеніне күмән бар. Бірақ, солай болуға тиіс.

Ал криптовалюта, оның ішінде биткоин - ештеңемен бекітілмеген. Яғни, арқауы жоқ. Оған деген сұраныс қана болмаса...   


Оны ешкім бақылап отырған жоқ – Интернетте дәстүрлі қаржы жүйесіндегі сияқты қандай да бір орталық банк жоқ. 

Эмиссия, яғни, жаңа "ақша" шығарылуы математикалық алгоритмдерді есептеуге арналған бағдарламаны қолданатын миллиондаған компьютердің жұмысы арқасында жүзеге асады. Ол процесс  майнинг деп аталады.

Желіде жаңа блок пайда болуы (яғни, биткоиндар шығарылуы) үшін оған арнап криптографиялық қолтаңба генерациялануы керек.

Айтқандай, жүйе жаңа ақша шығарудан табыс табуды ұсынады, ол үшін онда майнер ретінде тіркелу керек және аса қуатты компьютеріңіз болуы қажет. Жұмыстың мәні - қатысушының компьютері өзге компьютерлермен бір мезгілде математикалық есептерді шешетінінде. Бірінші болып кім шешсе - сол сыйлық алады. Басқаша айтсақ, эаңа криптовалюта эмиссиялағаны үшін майнерлердің өзі биткоин алады.

Процесс толық автоматты түрде жүреді, компьютер бәрін өзі генерациялайды. Иесі тек оның тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек.

Майнинг жасайтын жүйе неғұрлым қуатты болса, шығаратыны да соғұрлым көбірек. Процесс графикалық процессор (GPU) – видеокартаны қолдану арқылы жүреді.

Мамандардың айтуынша, дүние жүзінде видеокарта, аналық тақша және қуаттандыру блоктары қымбаттап, тіпті осы тетіктердің тапшылығы байқалуына осы «эмитенттер» кінәлі көрінеді. Украинада осы мәселе туындағанына үш апта болды, деп жазды Сегодня.ua. Ресейде де сол жағдай. Мәскеуде видеокарталар тіпті сөрелерден жоғалып кеткен.

Видеокарты.jpg Майнинг тоқтаусыз жүруі үшін бір компьютерге қосылған көп видеокарта. Неғұрлым көбірек болса - соғұрлым жақсы. 1line.info сайтынан алынған фото
Криптовалютаны қайдан алуға болады?
Криптовалюта виртуал болғанына қарамастан, ол ешқайдан алынбайды.  Bitcoin.org сайтындағы нұсқаулықта айтылғандай:

«Биткоинді тауар немесе қызметтің ақысына ала аласыз немесе достарыңыз бен таныстарыңыздан сатып алуыңызға болады. Сондай-ақ, оны банк есепшотыңыз арқылы тікелей айырбастау орнында немесе биржадан сатып ала аласыз».

Және осындай қызметтерді ұсынатын онлайн-айырбастау орындарына сілтеме берілген:  

Обменники_биткойн.jpg Скриншот с сайта Bitcoin.org
Криптовалютаның бағамы қандай?
Бүгінде бір биткоин үшін 2500 доллар беріледі. Бұл бағам Bestchange.ru арнайы сайтында көрсетілген.

Алайда, өзге бағам ұсынатын басқа айырбастау пункттерін іздеп көруге болады.

Биткоин бағамы туралы қазір салмақты экономикалық басылымдар жазып жатыр. Мысалы, 27 маусымда «Росбалт Бизнес» соңғы күндердегі хакерлік шабуылдар салдарынан биткоин бағамы долларға қарағанда 5% арзандап кеткенін хабарлады.

Қызық үшін виртуал валюта бағамының соңғы айдағы өзгеру динамикасын қарап көруге болады.


Курс_биткоин_динамика.jpg  Cryptorussia.ru сайтынан алынған ақпарат

Криптовалюта бағамы тұрақсыз және көптеген факторларға – ең алдымен, тұтынушылар арасындағы танымалдыққа тәуелді. Оған деген сұраныс неғұрлым жоғары және ол туралы Интернеттегі ақпарат неғұрлым көп болса, соғұрлым көп адам оны сатып алуға ниет білдіреді, сөйтіп, бағамы да артады. Жаңалықтар нашарлап (биржа бұзылуы, хакерлік шабуылдар, валбтаға тиым салынуы немесе оны қолданғаны үшін кім де кім қудалануы) кетсе, бағам да төмендей береді.  

Оны қалай басқарамыз?
Негізгі мысал ретінде биткоинді қарастыра берсек, оны жасаушылардың сайтында әмиян ашуға болады. Криптовалюта сонда сақталады және одан мынадай қаржы операцияларын жүргізуге болады:

Скриншот_биткоин_кошелек.jpg Bitcoin.org сайтынан скриншот

Ол жерде әр қадамға нұсқаулық бар. 

Сондай-ақ, биткоин сақтайтын орынды қалай алуға болатынын және оны қалай қорғау керек екенін мына сілтемеден таба аласыз.

Одан бөлек, бизнеске арналған әмияндар да бар. Көптеген дүкендер мен компаниялар қазірдің өзінде төлемге биткоин қабылдай бастады.

Есептесу ыңғайлы болуы үшін түрлі калькулятолар бар. Олар криптонаторлар деп те аталады. Солардың бірі:

10 биткоинов.jpgСryptonator.com сайтынан скриншот. Көрнекілік үшін 10 биткоинді АҚШ долларына айырбастадық.

Тек, жеке тұлғалар тұтас биткоиндармен амал жасамайды, көбінесе жүзден бір немесе мыңнан бір бөлігі (тиын) ғана қолданылады.

Биткоин – әлемдегі жалғыз криптовалюта емес. Бағамдары мен жұрт пікірін ескере отырып, өзіңізге ұнағанын таңдап алуға болады.  

2017 жылғы ең танымал криптовалюта рейтингі:
 
1. Bitcoin (BTC)
2. Ethereum (ETH)
3. Ripple (XRP)
4. NEM (XEM)
5. Ethereum Classic (ETS)

Әрқайсысын өз сайты мен әмияны бар. Оларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтар мен кеңестерді де интернеттен табуға болады.
Криптовалютадан қалай пайда табуға болады?
№4 карточкада айтылғандай, ең алдымен майнингтен, яғни, криптовалюта шығарудың өзінен пайда табуға болады.

Ол үшін жаңа биткоин аласыз. Тек, биткоин эмиссиясы - шексіз процесс емес. 21 миллионнан артық биткоин шығарылуы мүмкін емес екені қазірден белгілі.
 
«Лайфхакер» сайтында түсіндірілгендей, бастапқыда блоктарды жасау барынша оңай болған, оған жалғыз майнерлердің де шамасы келетін. Уақыт өте келе, қиындай түсіп, эмиссия үшін одан да артық есептеу қуаты қажет бола бастады, сондықтан майнерлер топтанып, жаңа биткоиндерді бірлесіп шығара бастады.

Қазір жалғыз жүріп биткоин шығарам деудің қажеті жоқ. Ол үшін ниеттестер табу керек -  олар туралы ақпарат беретін сайттар интернетте көп.

Осыдан 3-4 жыл бұрын, биткоиндар танымалдығы артып, бағамы тұрақты түрде жоғары шыға бастаған кезде АҚШ пен Европада тек криптовалюта өндіру үшін ғана көп компьютер орнатылған майнинг фермалары ашылған екен.

Ал қазір фермалардың көбі жабылып жатыр: бұрынғы табыс жоқ, майнингтің пайдасынан шығыны көп.  

Енді бір жолы – биткоин сату. Бұл криптовалюта биржаларда бағаланады, оны сатып алып, баға айырмасымен сатуға болады. 

Ондай алаңдардағы есеп-шоттар аноним және құлыпталмайды. Төлемдерді белгісіз мерзімге тоқтатуға немесе жойып жіберуге де болмайды.

Биткоин саудалайтын танымал биржалар:
1.Poloniex
2.EXMO
3.Bitfinex
4.BTCCHINA

Интернетте биткоин пайда бола салғанда сатып алып, бірнеше жылдан кейін сатып, байып кеткендер туралы әңгімелер көп. Жаңа жобада үнемі солай - бірінші болып келгендер ұтады. Ал қазір тәуекел де басқа, баға да бөлек.
Дәстүрлі валютамен салыстырғанда криптовалютаның қандай кемшіліктері бар?
Білетіндердің айтуынша:

1. Алтын қорымен және мемлекет кепілдігімен қамтамасыз етілмеген.
2. Реттеу механизмдері жоқтығынан қанша дегенмен, электрон әмияндардың сақталуына толық кепілдік жоқ.
3. Жоғары волатильдік, яғни, мұнай бағасының өзгеруіне де емес (дәстүрлі ақшадағы сияқты), биржаның бұзылуы, хакерлік шабуылдар, тіпті Интернет пен электр тогының жағдайына да тәуелді бағасы шұғыл өзгеріп кету ықтималдығы.
4. Жекелеген елдердегі биліктің қатынасымен байланысты тәуекелдер. Қаржы реттеушілер криптовалютамен амалдар жүргізуге тиым салуы, тіпті оны қолданғандарды жазалауы мүмкін. Түрлі елдерде оған қандай салық салынатыны да түсініксіз.
5. Криптовалюта сақталған әмиянның құпия кілтін (мнемоникалық фразаны) жоғалтып алу ондағы "ақшаның" түк қалмай жойылып кетуіне әкеліп соғады. Құпия кілтті қалпына келтіру мүмкін емес. 
6. 21 миллион биткоин шығарылғаннан кейін не болатыны белгісіз. 
7. Майнингтің қиындық деңгейі артқан сайын, ол пайдасы аз жұмысқа айналып барады. Бұған дейін ол процеске қатысушылардың көбін жылдам әрі оңай табыс табу мүмкіндігі қызықтыратын.
8. Тракзациялардың анонинмдігі қандай да бір қылмыстық әрекетке әкеліп соқтыруы мүмкін. 
9. Комиссия бар. Қанша дегенмен, биткоиндармен есеп айырысуда комиссия болмауы керек, оған жұрттың қызығуы да осыдан болған. Алайда, түрлі сылтауларға байланысты криптовалютаның бірегейлігі жоғалып барады. 
Дәстүрлі валютамен салыстырғанда, криптовалютаның қандай артықшылықтары бар?
Білетіндердің айтуынша: 

1. Ашық алгоритм коды оны кез келген адам шығаруына мүмкіндік береді.
2. Ол инфляциядан қорықпайды. Дәстүрлі валюта массасы неғұрлым артық болған сайын, оның құны түседі. Биткоиндарды эмиссиялау болса, жоғарыда айтқанымыздай, шектеулі. 
3. Транзакциялардың ашықтығы. Биткоинмен жүргізілетін амалдардың барлығын ашық етуге шешім қабылданған. Қандай әмиянға қанша криптовалюта аударылғанын кез келген қолданушы көре алады.
4. Алдыңғы пункт алаяқтықтан жақсы қорған бола алады, сондықтан есептесу қауіпсіздігі криптовалютаның тағы бір артықшылығы саналады. Одан бөлек, виртуал ақшаның қауіпсіздігі шифрмен қамтамасыз етіледі. Биткоин әмиянын жасауда мнемоникалық құпия сөз түзіледі. Оны қолдан жасау қиын. 
5. Ашықтығына қарамастан, биткоин жүйесі транзакцияның анонимдігіне кепілдік береді. Криптовалюта сақталған әмиянның иесі туралы ақпарат ашық емес және әзірлеушілердің айтуынша, оны біліп алу мүмкін емес. Контрагенттер болса тек әмиянның номерін біледі.
6. Жүйенің орталықсыздандырылғаны – төлемдерге бақылау жасалмайды. Басқару жасалатын бір орталық болмаған соң, валюта таралуын мәжбүрлі түрде шектеп, оның жұмыс қабілетін бұзу қиын саналады.
Есепшотты ешкім бұғаттап, тоқтата алмайды.
7. Жылдам аудару.
8. Транзакция жасағанға комиссия алынбайды. Криптовалютаның басты артықшылығы да, оны  жасап шығарудағы негізгі мақсат та осы болып келген. 

Алайда, олай емес болып шықты. Bitcoin.org сайтындағы нұсқаулықта мынадай түсіндірме бар:

Комиссии.jpg Bitcoin.org сайтынан скриншот


Криптовалютаның Қазақстандағы жағдайы қандай?
2017 жылғы мамырда барлық криптовалюталардың жиынтығы 91 млрд долларға бағаланып отыр.  Bitcoin үлесі - шамамен 70%, қалған бес танымал криптовалютаның үлесі  (Ethereum, Ripple, Litecoin, Dash и Monero) –  20%, деп жазды Lenta.ru.

Түрлі елдердің бұл төлем құралына деген қатынасы әр түрлі. Айталық, АҚШ, Германия және Сингапурде биткоин азаматтардың мүлкі саналады және оны сатудан салық төлеу керек.

Ал Ресейде бұл технологияны  Qiwi төлем жүйесі мен Сбербанк белсенді ілгерілетіп келеді.  Qiwi 2016 жылы "битрубль" тауар белгісін тіркегенін ресми мәлімдеп, өз криптовалютасын шығаратынын хабарлады.   

Қазақстанда криптовалютаның жағдайы қандай?

2014 жылы ҚР Ұлттық банкі қаржы ұйымдарына ғана криптовалютаны қолдануға тиым салды. Реттеушінің өкілі Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында бұл құралдың еш кепілдігі мен қамсыздандыруы жоқ екенін, сондықтан қолданушы кез келген уақытта барынан айырылып қалуы мүмкін екенін айтқан:  

– Біздегі қаржы ұйымдарына ондай құралдармен операциялар жүргізуге, клиенттерге қызмет көрсетуге тиым салынған. Қазір ақша шаюға қатысты қатаң заң бар, сол заң банктерге  сәйкестендірілмеген қолданушылар шеңберінде ондай мәмілелер жасауға тиым салады.  

Сондай-ақ, көптеген елдердің орталық банктері криптовалютадан дәстүрлі ақшаға қауіп төнеді деп, оған қырын қарайды деген нұсқа да бар. 2015 жылы Қазақстанда алғашқы биткоин-банкомат пайда болды, ол «Ritz Plaza» сауда ойын-сауық орталығында орнатылған.



Бірақ, республикада криптовалюта қаншалықты таралғаны жөнінде нақты ақпарат жоқ. Қазіргі таңда, елімізде қанша алам биткоин, лайткоин, пиркоин және өзге криптовалютаны қолданатыны белгісіз.

Ал FOREX CLUB сарапшысы болашақта криптовалюта Қазақстанда сұранысқа ие болады дейді. 

Енді бір БАҚ қазақстандықтар қазірдің өзінде ақшасын криптовалютада сақтай бастады және "теңге-доллар" бағамына бас ауыртпайтын болды дегенді алға тартып, криптовалютаға 16 мың теңге салып, бір жарым айда 100 мың теңге табыс тапқан азаматтардың әңгімесін айтады.

Биыл ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мұндай жүйенің инновациялығын атап, бүкіл әлемдік қауымдастыққа біртұтас криптовалюта енгізуді ұсынды.

Оның айтуынша, бұл әлемді валюта соғыстарынан, алыпсатарлықтан құтқаруға, сауда қатынастарындағы ауытқуды болдырмауға, сондай-ақ, нарықтардағы волатильдікті төмендетуге мүмкіндік бермек. Оны енгізу БҰҰ арнайы құрылған комитеті жанындағы орталық банктер пулы көмегімен мүмкін болмақ дегенді айта келе, Назарбаев "Жаңа валюта жалпыға қолжетімді және бүкіл әлемдегі тұтынушылар қабылдайтындай болуы керек. Ол абстракт сенім білдіруге емес, нақты активтермен қатмамасыз етілуге тиіс" деді.  
Эксперттер ол туралы не дейді?
Қазақстандық эксперттердің криптовалюта туралы түрлі жылдары білдірген ойы мынандай:
 
«Әлем енді криптовалютадан құтыла алмайтынын ескере отырып, мемлекеттік деңгейде алғашқы ресми криптовалюта - криптотеңге шығаруға болады…» – деп жазған ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің төрағасы Бағдат Мусин Фейсбуктегі парақшасында.
 
«Қиын сұрақ. Біреулер биткоин – ақша шаю тәсілі, зиян деп, оған тиым салып жатыр. Енді біреулер  «Не болатынын көрейік» деп отыр. Ал бізде әзірге бұл жөнінде ресми ұстаным жоқ. Бұл қаржы пирамидасы ма, жоқ па, әйтеуір бұған қандай да бір ресми жауап болады деп ойлаймын», – деп уәде берді 2014 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының төрағасы Қайрат Келімбетов.
 
«Қазіргі криптовалюталарды шөлмектің қақпағымен салыстыруға болады. Кезінде, соларды ойынға айналдырып, қандай да бір құн дарытқанымыз сияқты», –  деді қаржыгер Айдан Кәрібжанов.
 
«Қандай да бір криптовалюта біртұтас бола алмайды, өйткені қазір нарықта төрт ірі ойыншы бар және олардың бәрінің бағасы артып келеді. Меніңше, мұның бәрі бір ғана үлкен қаржы пирамидасы. Өйткені криптовалюта – доллардан да нашар қамтамасыз етілген валюта. Өйткені оның пайда болуын түсіндіретін біртұтас эмиссия орталығы жоқ.  

Иә, бұл қызық тренд екені түсінікті, ал президент қызық трендтерді ұдайы жіті қадағалап, оңтайлы пайдалана алады. Алайда, бірнеше жыл бұрын өзі айтқан бағалы металдарға қарағанда, криптовалютаға мүлде болжам жасауға болмайды. Ақшаны кім басып шығарса, бәрін сол бақылайды. Сондықтан да өз мемлекеті, өз шекарасы, сол ақшаны басып шығару құқығы құнды. Біз өз криптовалютамызды шығаруды бұрыннан жоспарлағанбыз, алайда, бұл Фейсбукте парақша ашу емес қой. Оның еш мәні жоқ», – деп пікір білдірді Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысына экономикалық шолушы Денис Кривошеев.
Қазақстанда және дүние жүзінде криптовалютаға әлдене сатып алуға бола ма?
Қалай десек те, виртуал ақшаның сатып алу қабілеті бар. Оларды тауар не қызметке айырбастауға болады. Көптеген елдерде жұрт биткоинға ұшақ билеттері мен гаджеттер сатып алады, коммуналдық төлемдер мен пабтағы сусынның ақысын сонымен төлейді, тіпті  Microsoft та криптовалюта қабылдайды.

Қазақстанда тауар сатып алу үшін криптовалюта қолдануға тікелей тиым жоқ. Алайда, кей жағдайларда ондай мәмілелер бартер деп есептелуі мүмкін. Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында заңгер Виталий Казанцев осындай ой айтты

Оның айтуынша, Қазақстан заңдарында  «криптовалюта» түсінігі жоқ және ол заңды төлем құралы ретінде анықталмаған. Сондықтан қандай да бір мүлік (ақпаратты өңдеу жөніндегі қызмет нәтижесі, ақпараттың өзі) ретінде анықталуы мүмкін.  

– Яғни, жекелеген жағдайларда тауар ретінде танылуы мүмкін, өйткені әзірге тиым салынбаған және айналымнан шығарып тасталмаған, – деп түсіндірді Виталий Казанцев. – Ал мүлікпен (оны сату және сатып алу мүмкіндігімен қатар) айырбас жасауға да болады.  

Заңды төлем құралы болу үшін криптовалюта ҚР заңнамасында жазылуы керек.

Заңгер қазақстандықтардың өз арасында валюта операцияларын жүргізу ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚбК 252-бабында көзделген айыппұлдар салынатынын да қоса айтты.  

Оның үстіне, кезінде ҚР Ұлттық банкі қаржы ұйымдарына биткоинмен есептесуге тиым салынғанын да атады. 

Әдетте, Желіде есеп жүргізетін интернет-дүкендер мен өзге де ұйымдар төлемді биткоинмен немесе басқа криптовалютамен қабылдаса, сайттарында соған сәйкес таңба іледі. Соған қарап, олар виртуал ақшаңызды қабылдайтын-қабылдамайтынын түсіне аласыз. 


Первый биткоин-банкомат.jpg
Қазақстандағы алғашқы биткоин-банкомат. Фото: Twitter @arruah


Авторлары: Айнур Ильчибаева мен Марина Михтаева
Редакция OpenAsia
Редакция OpenAsia
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало