Опубликовано 06.03.2020

Марғұлан Сейсембаев: Патриотизм – тым жалаң сөз

кейіпкердің жеке мұрағатынан

В рамках проекта Silk Road, изучение Центральной Азии.

 

Марғұлан Сейсембаев қазақстандық бизнесмендердің ішіндегі үлгі болуға лайық әрі ең танымал кәсіпкер. Әлеуметтік желілерде диалогқа қашанда ашық, табысты бизнес-кейсі бар кәсіпкер соңғы жылдары ішкі туризмді дамытуға белсене үлес қосып жүр. Nomad Explorer экспедициясының танымалдылығы сонша, оның билеттері бірнеше ай бұрын ерте сатылып кетіп жатады. Экспедицияның Қазақстанның оңтүстік өңіріне жасаған соңғы экспедициясына The Open Asia редакциясы да барып қайтқан еді. Сол кезде жаңа туристік жобаның идеялық дем берушісі саналатын Марғұлан Сейсембаевпен болған Қазақстандағы туризмнің дамуы, патриотизм мен қазақстандықтардың «ортақ ауруы» сияқты тақырыптарға арналған сұхбатымызды жазып алған едік.  

Экспедиция ұйымдастыру туралы идея қалай пайда болған еді? 

Ол идея емес. Мен өмір бойы түрлі сапарға, саяхатқа шығып жүрген адаммын. Ал бірнеше жыл бұрын Фейсбук әлеуметтік желісінде хабарландыру жариялап, менімен бірге Алтай өлкесіне, ондағы тарихи, мәдени және табиғи ескерткіштерді аралап қайтатын адамдар жинап көрмек болдым. Сол кезде жалпы саны 30-ға жуық джип көлігі барлар мен 70-тей адам хабарласты. Біз бір апта бойына дала кезумен болдық, бәріне сол сапар айрықша ұнады. Сондықтан келесі жылы да саяхат жасап қайтайық деп шештік, ол жолы Үстіртті, Маңғышлақ түбегін таңдадық. Үстірт – өте көркем, көз тойғысыз көрікті, ертегідей әдемі жер екен! Сол кезде 70 джип көлігі, 220 адам жиналды. Ол да тамаша сапар болды. Одан кейінгі жылы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Алтай аумағындағы бүкіл көлдер пен тарихи орындарға саяхат жасап қайтуды жөн көрдік. Расымен де, бүкіл көлді аралап шықтық. Экспедиция өте жоғарғы деңгейде өтті. Сол кезде бірауыздан енді оңтүстік аймаққа барамыз деген шешім қабылданды. Оңтүстіктен Жамбыл мен Түркістан облыстарындағы тарихи және табиғи мекендерге барып қайтуды жоспарладық. Тек ауа райынан өзгесінің бәрі дәл біздің ойымыздағыдай болды. Бір жағынан, жай ғана жолсапар емес, экспедицияның бар қызығы да сонда емес пе: саяхатқа лайықты жағдайды, шатырда түнеуді, кейде үздіксіз жел өтінде жүруді бастан өткеріп көру артық болмайды. Біз қала тұрғындары аз да болса Жер-Ананы сезініп, табиғат астындағы тіршілікпен танысқанын, шатыр тұрғызып, жаурап, суық астында түнеп шығудың не екенін білсе дедік, сонда қаланың қадірін білетін болады.

Біз тек Қазақстан бойынша ғана саяхаттамаймыз. Nomad Explorer Grand – еліміздің түкпір-түкпіріне жыл сайын жасалатын саяхат. Ал өзге елдерге саяхат жасауға бағытталған тағы бір жобамыз – Nomad Explorer Discovery. Біз жасаған саяхаттар ішінде: кілем тоқу өнерінің орталығы саналатын «Парсы кілемдері», Қырғызстанның оңтүстік көлдері, Моңғолияның шығыс көлдері сапарлары, Вьетнамға жасалған туристік емес экспедиция бар. Меконг өзенінің сағасы, түнгі Сайгон, Катба аралдар тобы сияқты туристер аяғы жете бермейтін жерлерге де саяхат жасадық. 

Сіздер көптеген жерге саяхат жасап қайтқан екенсіздер, сонда олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары неде? 

Ұқсастығын айтсам, біз әдеттегі туристік жолдармен емес, адамдар жүрмейтін жолдармен жүреміз. Тіпті басқа елдерге барғанда да тек джиппен жүріп отырдық. Мысалы, Парсы еліндегі кілем тоқу орталығында шағын ауылға бардық, онда кілемді қалай тоқитынын, ол өнердің қалай пайда болғанын зерттеп көрдік. Біздің барлық экспедициямыздың өз мақсат-бағыты болады, көбінесе тарихты зерттейміз. 

Сонда ондай сапарлардың мәні неде? Сіз үшін қандай мағынаға ие? 

Біріншіден, мен сапарлағанды жақсы көремін. Екіншіден, адам көп болса, көңілді болады, ұйымдасуға да мүмкіндік көбірек болады. Біздің бағдарламамыз өте ауқымды: оған йога да, жаяу жүру де, ұлттық ойындар мен әртістердің өнер көрсетуі де кірген. Адам көбірек болса, сапарды көңілді етіп ұйымдастыруға да мүмкіндік болады, әрі өз еліңнің тарихын бірге зерттеген де көңілді емес пе. 

Сізді патриотизм алға жетелейді десе болатын шығар? 

Маған «патриотизм» – тым жалаң айтылатын сөз сияқты. Мен өз елімді, табиғатымызды ерекше сүйемін, жақсы көремін. Үкіметті де солай жақсы көремін деп айта алмаймын. Дегенмен, үкіметтің жөні басқа ал елдің жөні бір басқа. Маған Қазақстан, Қазақстандағы адамдар, Қазақстанның табиғаты ұнайды. Кең байтақ еліміздің зерттелмеген тұсы көп. Отанымызда қандай көрікті, ғажап жерлер бар екенін қазақстандықтардың өздері де біле бермейді. Ең қызығы, аймақтардағы тұрғындар өз өлкелерінде «жаңалық» ашып жатады. Біз Үстіртпен жүріп өткенде ақтаулықтардың өзі қайран қалды. «Үстірт, Үстірт деп жатады үлкендер, бірақ біз оның осыншалықты көрікті екенін білмептік!» десті. Ақыртаста маған бір жігіт келіп: «Аға, біз осы Таразда тұрамыз, бірақ Ақыртастың бар екенін хабарымыз болмапты» дейді. Яғни, біз осы сапарлар арқылы өз елімізді жаңаша қырынан танып-білудеміз. 

КЕҢ БАЙТАҚ ЕЛІМІЗДІҢ ЗЕРТТЕЛМЕГЕН ТҰСЫ КӨП. ОТАНЫМЫЗДА ҚАНДАЙ КӨРІКТІ, ҒАЖАП ЖЕРЛЕР БАР ЕКЕНІН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӨЗДЕРІ ДЕ БІЛЕ БЕРМЕЙДІ.

Қазақстандықтардың өз отанын жетік білмеуіне не себеп? Өйткені, отандастарымыз Түркияны, Лондонды, Дубайды жақсы біледі ғой... 

Оған себеп көп. Біріншіден, инфрақұрылымның дамымай, артта қалуының әсері көп: туристер аз келеді, қонақүйлер мен жолдар дамымаған. Сондай-ақ, адамдар жол полициясы қызметкерлерінен қорқады, қай ауылдың қай жеріне тоқтауды, қайда тамақтанып, қайдан жанармай құйып алуды біле бермейді. Оның үстіне, бізде жергілікті халық көрсеткен қызметі үшін тым көп ақы сұрап шығады, өйткені туристер өте аз, сирек келеді. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер бірден көп ақша тауып қалуға ұмтылады. Ал бұл сала аяғынан тік тұруы үшін туристер ағымы көп, үлкен бәсекелестік болуы тиіс. Бұл біртіндеп түзелетін нәрсе. 

Ішкі туристік қызығушылықты арттыру үшін не істеуге болады? 

Үгіт-насихат жұмыстары көбірек жасалуы тиіс. Адамдарды барынша көбірек тарту керек. Оны қалай жүзеге асырамыз? Біз ұйымдастырған сапарларда болған мыңдаған адам үйлеріне оралған соң міндетті түрде достарына, таныстарына айта бастайды. Кейде ауа райының қолайсыздығына көп қынжылған жандардың өзі Алматыға оралған соң сол сапарды сағына еске алып жүреді. Өйткені, адамның жады жағымсыз нәрсені тез ұмытып, көңілді, әсерлі сәттерді жақсы есте сақтап қалады. 

Инфрақұрылымның дамымағаны жайлы айтып өтсек, мәселен, сіз әжетхана тақырыбын біраз көтердіңіз. Жалпы, бұл шешімі бар мәселе ме? 

Иә, біртіндеп шешіліп келеді. Біздің, Nomad Explorer арқасында, мысалы, туристік саланы дамыту бағдарламасына екі жарым мың әжетхана салуды енгіздік. Бұл ендігі Үкімет бағдарламасына да енді, демек алдағы уақытта қаржы бөлініп, әжетханалар салынады деген сөз. Бұдан өзге, әжетханаларды салуға ыңғайлы алаңдарды да өзіміз таптық, оның қалай жұмыс істейтіні, Батыста қалай жүзеге асқанына қатысты жобаларды әзірледік. Қолдан келгенше көмектесуге тырысып жатырмыз: бизнес-жоспарын жасап, сарапшыларды тартудамыз, ЮНЕСКО-мен ынтымақтаса жұмыс істеуге кірістік. Үндемей қалғанша, қиындықтың бар екені туралы айта бергеннің маңызы зор. Және ол қиындықты шешу жолдарын бірден ұсынудың да маңызды екені сөзсіз. 

Сіз «халық қалаулысы» болмасаңыз да, халыққа қызмет ету туралы шешімге қалай келдіңіз, оған не түрткі болды? 

Меніңше, олай ету кез келген адамның парызы. Менің ойымша, «халық қалаулысы» деген атпен шенеуніктерді бөле қарастыруды шартты ұғым деп қабылдаған жөн. Өйткені, ол «қалаулылар» ештеңе істей алып жатқан жоқ қой. «Суға батып бара жатқан адамды құтқару – сол суға батып бара жатқан адамның өз қолында тұрған іс» екені белгілі. Сондықтан менің міндетім – бастаған ісімді аяқтау, Қазақстан азаматтарын белсендірек етіп, ішкі туризмді дамыту. Бұл бүкіл ел алдындағы жауапкершілік сезімін ауырлата түседі. Мәселен, сен өз қалаңнан басқа ешқайда шықпасаң, бүкіл елді сол қаланың аясында ғана қабылдайсың. Ал сыртқа шықсаң, осыншама байтақ жердің өз елің екенін түсінесің. Маңғыстау немесе Тараз тұрғындарының басындағы қиындық – бүкіл қазақстандықтардың қиындығы. Міне, осыны сезінгенде, яғни ел сатысына көтерілгенде ғана адам «халық қалаулысынан» жұмысын тиісінше атқаруды талап ете бастайды. 

СЕН ӨЗ ҚАЛАҢНАН БАСҚА ЕШҚАЙДА ШЫҚПАСАҢ, БҮКІЛ ЕЛДІ СОЛ ҚАЛАНЫҢ АЯСЫНДА ҒАНА ҚАБЫЛДАЙСЫҢ. АЛ СЫРТҚА ШЫҚСАҢ, ОСЫНШАМА БАЙТАҚ ЖЕРДІҢ ӨЗ ЕЛІҢ ЕКЕНІН ТҮСІНЕСІҢ. МАҢҒЫСТАУ НЕМЕСЕ ТАРАЗ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚИЫНДЫҚ – БҮКІЛ ҚАЗАҚСТЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ. МІНЕ, ОСЫНЫ СЕЗІНГЕНДЕ, ЯҒНИ ЕЛ САТЫСЫНА КӨТЕРІЛГЕНДЕ ҒАНА АДАМ «ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫНАН» ЖҰМЫСЫН ТИІСІНШЕ АТҚАРУДЫ ТАЛАП ЕТЕ БАСТАЙДЫ.

Сіз Қазақстанның көп бөлігін аралап шықтыңыз ғой. Сіздіңше, қазақтардың қандай ортақ «қиындығы» бар? 

Ол жағы түрлі нәрсеге байланысты. Шындығында, осыншама жылдар ішінде ондай қиындықтар әбден қордаланып қалған. Меніңше, ең бастысы, біз қазіргі уақытта саясатқа қатысты бағытымызды анықтап алдық. Көп жылдар бойы бізді «алдымен экономика, содан соң саясат» деп сендіріп келді. Алайда саясат қашанда алдыңғы орында жүреді. Сондықтан бүгінде саяси мәселелер күн тәртібінде өзекті болып отыр. Мәселен, Қазақстан немесе қазақ халқы Зеленскийдің немесе украиналық сайлаудың бекер жанкүйері болып жүрген жоқ. Дегенмен, халық оянуды, «халық қалаулыларынан» талап етуді, тәртіп орнатуды өзі бастауы тиіс. Ары қарай көп мәселе автоматты түрде өзі шешіледі. 

Оны көбінесе менталиттегі кемшілекпен байланыстырып жатады. Сіз онымен келісесіз бе?

Бұл жерде менталитеттің еш қатысы жоқ. Халық әділетті сезінбеген кезде, өзгенің басындағы әділетсіздігіне де немқұрайлы қарайтын болады. Адам өзіне жасалған әділетсіздікті көргенде, өзгенің де басындағы әділетсіздікке бей-жай қарай бастайды. Сол себепті, бәрін уақытша деп қабылдап, қолын бір сілтейді. Тұйыққа тірелу деген сол. Өз еліне уақытша мекен деп қарай бастау содан шығады. Сондықтан тазалық жайына бас қатырып жатпай, айналасына бей-берекет қоқыс лақтыра беретін болады. Менің байқағаным, Еуропадағы барлық ғимараттар жүздеген жылға есептеліп, өте берік етіп салынады. Ал Қазақстанға келсең, бәріне уақытша деп қарайтын секілді. Адамдар өзінен кейін не қалатынын туралы ойлана бермейді. 

Бұл біздің ата-бабамыздың көшпенді болуына байланысты емес пе? Бәлкім, біз ұзақ уақытқа жоспар құрмай, бәріне уақытша қарап үйренген халық шығармыз? 

Оның көшпенділікке еш қатысы жоқ. Егер адамның әділдікке жаны құштар болса, оның жеке меншігін де ешкім тартып ала алмайды, сонда кез келген азамат өз ұрпағына бір нәрсе қалдыруға ұмтылады. Сонда ғана ғасырлар бойы мызғымас ғимарат соға бастар еді. Ал егер бәрінен бір сәтте айырылып қалатындай қорқыныш болса, онда ғасырға татитын дүние салудың еш мәні болмайтыны түсінікті. 

Сіз «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қалай қарайсыз? Ол бағдарлама қазақстандықтардың сана-сезімін өзгертуге оң әсерін тигізіп жатыр ма? 

Мен ол бағдарламаға өте сыни көзбен қараймын. Өйткені, олай тірлік жасалмайды. Туризмді энтузиазм адамдары арқылы дамытқан дұрыс. Мен ондай жандарды білемін, тек оларға қаржылай көмек қажет, ары қарай өздері-ақ туризмді дамытып алып кетеді. Біздің шенеуніктер адамдарды емес, нысандарды басқарып үйреніп қалған ғой. «Не керек? Бизнес-орталықпа? Онда бизнес-орталық салайық! Туристерге тағы не керек еді? Әжетхана? Қане, онда әжетхана қойып шығайық». Ал ол нысандарды содан соң жуып, тазалап, күтіп ұстау жайына ешкім бас қатырып жатпайды. Сондықтан нысандарға қаржы құя бермей, өз ісіне адал берілген адамдарға ақша бөлген жөн. 

Айнура Калдыгулова
Айнура Калдыгулова
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало