Опубликовано 30.09.2017

Орталық Азия тұрғындарын суицидке не итермелейді

Өткен аптада Дүниежүзілік суицидтің алдын алу күні өтті. Кедейлік, жұмыссыздық, үйдегі зорлық-зомбылық пен қоғамның түсінбеуі – Орталық Азиядағы суицидтің басты себептері. Бүкіл әлемдегі суицид себептерінен көп айырмашылығы жоқ, сонда да, біздің аймақтағы суицидтің ерекше мәселелері бар.

Аймақтағы қайғылы статистиканың бейнесін «Открытая Азия онлайн» танымақ болды.

Тәжіккстан

Тәжікстанда суицид әйел бейнелі. Былтыр республикада 327 жағдай тіркелсе, соның көп бөлігі (168) әйелдерге қатысты. Әрине, соңғы жылдары елде ондай жағдайлар азайған: 2015 жылы 624 адам өзін өлтірсе, 2014 жылы – 550 жағдай тіркеліпті, сонда да былтырғы статистика біраз үрей ұялатады. Оның үстіне, құқық қорғау органдары адам өлген жағдайды ғана тіркейді, ал өзін өлтіруге талпынғандар саны қанша екені белгісіз.

Сарапшылардың айтуынша, Тәжікстанда әйелдер өзін өлтіруге көбіне отбасындағы қиындықтар себебінен барады. Мысалы, маусым айында республиканы Хатлон облысының тұрғыны 18 жастағы Раджабби Хуршедтің өлімі дүр сілкіндірді. Тойдан кейін күйеуі пәктігіне күмән келтірген соң, жас келіншек сірке қышқылын ішкен. Жас келін босағаны таза аттағанын растаған дәрігерлердің сөзіне де қарамастан, отбасында күнде жанжал болған. Соған шыдамаған жас келіншек жанын қиып кете барған. Адамды өлімге итермелегені үшін күйеуі жеті жылға сотталып кетті.
фото1.jpgФотода: 18 жастағы Раджаби Хуршед/«Радио Озоди»

Мұндай жағдайлар Тәжікстанда тұрақты болып тұрады. Жергілікті БАҚ қайсыбір ауданда қыз-келіншектер өзін өлтіріпті деген хабарды ай сайын береді.
Өзіңіз қараңыз:
  • 2017 жылғы ақпан – «18 жасар бойжеткен көпірден Душанбе өзеніне секіріп кеткен»;
  • биылғы сәуір айы – «Жас әйел алты айлық баласымен бірге Кофарнихон өзеніне секіріп кеткен»;
  • маусымның ортасы – «Вахш өзеніне көпірден аяғы ауыр жас келіншек секіріп кеткен»;
  • маусымның аяғы – «Соғды тұрғыны Сырдарияға секіріп өлген».

Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Көбінесе Тәжікстанда өзін өлтіргісі келетіндер не көпірден суға секіріп, не улы заттар мен дәрі ішіп жатады.

Бірақ, республикада өзін өлтірудің тағы бір сорақы тәсілі бар – өзін-өзі өртеп жіберу. Социлогтардың айтуынша, бұл тәсілдің Тәжікстанда танымал болуына себеп – мұнда атам заманнан бері отты әлдебір киелі құбылыс санап, оның тазартушы күші мен қоғам мен ондағы қатал тәртіпке қарсы күрес белгісі ретінде қабылдаған. Мысалы, Сабохот Мированың «Социальные и социально-психологические факторы воспроизводства традиций Ислама и шариата в отношении к женщине» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде мынадай дерек бар: 1926-1928 жылдар аралығында Тәжікстанда 203 әйел өзін-өзі өртеп жіберген.

Қазір өзін-өзі өртеу жөніндегі статистика қандай екені белгісіз, алайда жыл сайын Душанбедегі күйік орталығына ондаған өзін-өзі өртеуші әйел түседі, бірақ, көбінесе оларды оқыс оқиғаның құрбаны деп тіркейді. Зардап шеккендердің туыстары өзін-өзі өлтіруге жеткізді деп айып тағылу жаапкершілігінен қорқып, құқық қорғау органдарынан суицид фактін барынша жасыруға тырысады.

Өзін-өзі өртеу арқылы жұрт назарын аударуға жойылған «Таджпромбанктың» ақшасынан айырылған салымшылары да көшкен. Мысалы, салымшылар тобының төрағасы Солехамо Самадованың айтуынша, жақында ғана бір балалы әйел банк ғимаратының ішінде үстіне керосин құйып, өртенбек болған екен, қарауылдар тоқтатып үлгеріпті. Енді бірі өз үйінде өзін өртемек болған, бірақ туыстары құтқарып қалыпты. 
фото3.jpg
– Қазірдің өзінде, басындағы қиындыққа назар аударту үшін қаншама адам өзін өртегісі келетіні туралы естіп жатамын, – дейді Самадова.

Әйтсе де, салымшылар осындай шектен шыққан жолмен болса да назар аударта алмай лтыр. Биылғы тамызда қаражатын қайтара алмайтынын түсінген тағы бір салымшы – Душанбенің 50 жастағы тұрғыны Хайриддин Кодиров өз-өзіне қол жұмсаған, бірақ оның өлімі де жағдайға ықпал ете алмады.

– Тәжікстандағы суицидтің басты себебі – әлеуметтік-экономикалық мәселелерде деп ойлаймын, – дейді психолог Рустам Мамадназаров. – Әйелдер мұндай қадамға жағдайды өзгерте алмағандығынан, қаржылай тәуелсіздікке жете алмағанынан; ерлердің көбі экономикалық қиындықтарға төзе алмағандығынан барады. Оның үстіне, біздің елде психологиялық проблемаларға көз жұма қарау қалыптасқан. Адамның мінез-құлқы өзгеруіне айналасындағылар зер салып қарамайды, тіпті, депрессияға, суицид туралы ойлауға бейім болған адамның өзі шұғыл көмек керек екенін білмейді.

Өзбекстан

Өзбекстандағы суицидтер саны туралы ресми дерек жоқ. Алайда, елдегі жағдайды халықаралық ұйымдар, мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қадағалап отырады. 2015 жылғы есепке қарасақ, Өзбекстанда өзін-өзі өлтіргендер арасында ерлер саны 2.5 есе көп екен: 100 адамға шаққанда 13.6, ал әйелдер – 5.2 жағдай. Оның үстіне, ДДҰ мамандарының айтуынша, республикадағы суицид саны жыл санап артып келе жатқан көрінеді. 2010 жылы 100 мың адамның жетеуі болса, 2016 жылы – 9.2 адамға жеткен.

Әдетте өзін өлімге қиятын – жас жігеттер. Мысалы, биылғы тамызда Самарқан облысының өзінде бірден екі жағдай тіркелген:
  • 11 тамызда 15 жасар бала өз үйінің ауласында асылып қалған ; 
  • 15 тамызда 22 жастағы жігіт өз үйінің жертөлесінде асылып тұрған жерінен табылған.

Екі жағдайда да суицид жасауға айқын себеп болмағаны айтылады.
 
Айта кетерлігі – бір Самарқан облысында ғана биылғы алты айда 49 суицид жағдайы тіркелген.  
фото4.jpgФото: Tashtrans.uz

Суицид жағдайлары саны артуымен қатар, адамды өзін-өзі өлтіруге жеткізу бойынша қылмыстық істер саны да артып келеді. 2013-2016 жылдары Өзбекстанның құқық қорғау органдары жыл сайын адамды өзін-өзі өлтіруге жеткізу жағдайы бойынша 52-53 іс қозғайды.

Сондықтан, биылғы маусым айында Қылмыстық кодекске түзетулер мен өзгертулер қабылданып, онда адамды өзін-өзі өлтіруге жеткізу бойынша жаза күшейтілді. Ендігі жерде адамды сондай қадамға итермелегендер 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі өзгертулер сондай-ақ телекомуникация желілері мен Интернет арқылы да адамды өлімге итермелегені үшін қылмыстық жауапқа тартуды көздейді. Бұл шара өзбек жасөспірімдері арасында биыл «өлім топтары» танымал болғаны үшін қабылданды.

Мысалы, наурызда Ташкент қалалық ІІБ мобайл телефондарды тексеру кезінде сондай желілік «ойынға» қатысып жүрген 36 жасөспірім анықталғанын хабарлады. Ведомство деректеріне сүйенсек, ол балалардың қауымдастықтарға қатысуын жаман оқиға болмай тұрып анықтау мүмкін болған. Осыдан кейін Өзбекстанның барлық білім беру мекемелерінде жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін «Давомат» шарасы өтті.

Суицид мәселесіне көбірек көңіл бөлу керектігі туралы биылғы шілдеде сенаторларға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев өзі айтты.
фото5.jpgФото: «Спутник Узбекистана»

Соңғы жеті айда тек Ферғана облысында жастар 129 қылмыс пен 24 суицид жасаған.

– Бұған кім жауап береді? Сіздерден көп нәрсе талап етіп отырмын ба? Маған керегі – жастарды тәрбиелеп, мына сұмдықты тоқтатыңдар! Үй-үйді аралап, балалар өзін жақсы ұстауын қадағалаңдар! Осыны қашаннан бері айтып жүрміз, сонда да балалар асылып қалып, қылмыс жасап жатыр. Мәжіліс құрып отыра бермей, соларға қарасаңдар – балалар асылмас еді, - деді президент.

Қазақстан

Қазір елдегі мемлекеттік органдар өзін-өзі өлтіру жағдайларының статистикасын егжей-тегжейлі жүргізіп отыр. Оған кісі өлген жағдайлар да, өлмек болған жағдайлар да кіреді. Әйтсе де, деректерді ашық жарияламауға да, тақырыпты қузаулай бермеуге де тырысады. Ел үшін тым ауыр тиетін болса керек. 2003-2013 жылдар аралығында суицид саны үш есе артты. Кейін, түрлі жылдары бұл сан азайып, көбейіп отырды. Біраз жылдан бері Қазақстан әлемдегі суицид деңгейі жоғары он елдің қатарында келе жатыр. Ал Орталық Азия бойынша бірінші орында тұр.

ДДҰ 2015 жылғы деректеріне сүйенсек, респубика әлемде төртінші орында тұр: 100 мың адамға шаққанда 27,5 суицид жағдайы болады екен. Ал шектік мөлшер – 100 мың адамға 15 жағдай.  

IGRAPHIC дизайн-бюросы командасы осы мәселені талқылауды бастауға шақыратын ролик жасап шығарды.

2015 жылы Қазақстанда әр оныншы адам өмірін өз еркімен қиған болып шығады.
Соңғы екі жарым жылда он мыңнан астам адам өмірмен өз еркімен қоштасқан.
26 жылда – 100 мыңнан астам адам өзін-өзі өлтірген.


2016 жылы суицид саны 5,5% артып, 3942 болған (2015 жылы 3735). Осындай қадамға барғандар арасында бәрінен көбі – 35-44 жастағы адамдар – 899. Және көбінесе – 80% – ер адамдар.
  • Қазақстанда былтырғы суицидтердің 75,5% (2975) адам сау, есі түгел күйде жасалған;
  • 20,8% (821) – мас күйде;
  • 3,3% (128) – психикалық ауытқу күйінде.

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есептер комитетінің төрағасы Бағдат Мусин атап өткендей, өзге мемлекеттердегі жағдайды сараптай келе, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде 9-орында тұрғанын анықтаған.

– Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2015 жылғы деректерін таптық. Оларға қарасақ, Қазақстан өзін-өзі өлтіргендер саны бойынша 4-орында тұр: 100 адамға – 27,5 жағдай, – деп түсіндірді ол есептемелердегі айырмашылықты. – Ал шын мәнінде Қазақстанда 2015 дылғы суицид саны 100 мың адамға 21,1 мың болды. Біз анықтағанымыздай, деректер мына сайттан алынып қолданылып жүр екен. Ал онда кез келген қолданушы суицид деңгейін өз бетімен түзетіп көрсете алады. Мұндай жағдайда Қазақстан 9-орында тұруы керек. Анықталған қатені түзедік, әйтсе де, суицид деңгейі елде әлі де жоғары.

Ел ішіндегі жағдай да біркелкі емес. Өзін-өзі өлтіргісі келетін көңіл-күй оңтүстіктен солтүстікке қарай өршіп барады. Ең өршіп тұрған жері – Ресеймен шекаралас Солтүстік Қазақстан облысында болып отыр: онда 100 мың адамға шаққанда 40 жағдай, елдегі жалпы көрсеткіштен екі есе артық тіркелген.

Алайда көбінесе, себебі белгісіз болып қалады. Былтыр 1756 осындай суицид тіркелген.

Жергілікті БАҚ-та суицид туралы хабарламалар тұрақты шығып отырады. Оның ішінде елді дүрліктіретіндері де бар:  
  •  шілдеде мемлекеттік мекемеде лауазымы бар және талан-тараж жасады деп айыпталған Өмірбек Жампозов (61 жаста) сот үкімін шығардан екі сағат бұрын прокурор мен АІІБ қызметкерін жаралап, қашып кетіп, соңынан сол қарудан өзінің жүрегіне атқан. ;
  • тамызда Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты өзін-өзі өлтірді. Бұл оның кәсіпорнындағы прокурорлық тексеруден кейін болды.


Биылғы жеті айда 2195 қазақстандық өмірден өз еркімен кеткен, 2302 – кетпек болған. 


Бұл мәселеде Қазақстан үшін ең сұмдығы – жасөспірімдер арасындағы суицид болып отыр. ДДҰ сараптамасы қашан да 3-4 жылға кешігіп жүреді. Сонда да, 5 жастан (!) 14 жасқа дейінгі балалар өзін- өзі өлтіруі бойынша республика әлемде тоғызыншы, ал 15-29 жас аралығы брйынша – төртінші орында тұр. 2013 жылғы деректерге сүйенсек, елдегі 15-19 жастағы жасөспірімдердің әр он екіншісі өз еркімен өмірден кетуге талпынған екен.

Сол кезде балалар арасындағы суицид саны артуының бір себебін ҰБТ енгізілуімен байланыстырған. 2015 жылы жасөспірімдер арасындағы суицидтің тағы бір толқыны жүріп өтті:
  • Ақтауда бір пәтерде бес қыз өзін-өзі өлтіруге талпынған;
  • Ақтөбе мектебінің 11-сынып оқушысы ҰБТ кесірінен кетіп бара жатқанын хатқа жазып қалдырып асылып қалған, 2015 жылы мамырдың алғашқы он күнінде бұл қалада жоғарғы сынып оқушылары арасында үш суицид болған;
  • Павлодарда колледжде оқитын бойжеткен тапа-тал түсте жұрттың көз алдында бесінші қабаттан секіріп кеткен. Бұл осы үйде жыл басынан бері жасалған екінші суицид еді;
  • Астанада мектепте оқитын екі қыз қол ұстасып он бір қабатты үйдің балконынан секіріп кеткен. Көргендер видеоға түсіпіп алыпты.
Стопкадр из видео.jpg
Видеодан стопкадр

2015 жылы жасөспірімдер арасында барлығы 201 суицид оқиғасы тіркелген. 485 рет суицид жасауға талпыныс болған. Ал 2016 жылы 175 жағдай тіркелген.

Алайда, Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы маманы, осы құбылысты көп уақыттан бері зерттеп келе жатқан Сергей Склярдың айтуынша, қазір балалар суициді азая бастаған. Осыдан екі жыл бұрын денсаулық сақтау, білім және ішкі істер министрліктері бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасында өзін-өзі өлтірудің алдын алу жөніндегі жобаны кезең-кезеңімен енгізу туралы бұйрық шығарыпты.

Ол бағдарлама үш бағытты: мектеп психологтарын, мұғалімдерді және балалардың өзін даярлауды қамтиды. Әрқайсысына өзін-өзі өлтіру туралы қаже ақпарат беріледі: психологтар педагогтарды оқытуға, ал балалар – өзін-өзі өлтіруге бейім достарына көмектесуді үйренеді. Қазақстанға бұл бағдарламаны әзірлеуде Суицидтерге қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ассоциация мен ДДҰ көмектескен. Тек, батыстық тәжірибені қазақстандық менталитетке бейімдеуге тура келген.

– Біз оларда болмағанды – ата-аналарға арналған тұтас сабақтар циклін енгіздік, – дейді Скляр. – Өйткені жұрт бұл мәселеге сақтықпен қарайды, «суицид» деген сөздің өзінен қорқады. Психиатрды айтпағанда, психологқа жүгінудің өзін ар санайды. Ал психологтың көмегіне жүгіну керек, бұл проблеманы еңсеруге болады. Өкінішке қарай, суицид тақырыбында мұғалімдерде де, дәрігерлерде де адасу бар, олардың өзі де көбіне психологқа не психиатрға дұрыс жолдамай жатады. Жолдаудың да түр-түрі бар ғой. Адамның баратын-бармайтыны да соған байланысты.

Қырғызстан

2015 жылы бұл елдегі суицид көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 6,93 адам болды. Соңғы он жылда ең үлкен суицид көлемі 2012 жылы байқалған: 100 адамға 9,49.

Алайда, мамандар цифрлар жағдайды анық көрсетпейді дейді.  
– Дін тұрғысынан алғанда, суицид – күнәнің үлкені. Біздің қоғам дінге бет бұрып келеді, сондықтан да адам өзін-өзі өлтірген жағдайларды туыстары басқа бір себеппен қайтыс болды деп білдірмейтін сияқты, – дейді психолог Татьяна Ерохина. 

Тағы бір қауіп: ерлер арасында суицид жасауға талпыныс саны артып келеді. 2007 жылмен салыстырғанда көрсеткіш екі есе артқан. Ал ерлер арасындағы аяқталған суицид саны төмендеп келеді.

– Псевдосуицид пен шын суицидті ажыра білу керек, – дейді психиатр дәрігер Александр Яковлев. – Бізде нағыз ер-азамат жыламайды, басына түскен қиындықты жалғыз еңсереді деген жалған сенім бар ғой. Жұрт көзіне көрсетіп суицид жасаудың мәні – басындағы қиындығын, осындай болмайтын әдіспен болса да жұртқа жария ету. Әрине, суицид жасамақ болған адам маманның көмегіне зәру. Өз бетімен бұл мәселені шешу мүмкін емес.

Ең қорқыныштысы – Қырғызстанда да жасөспірімдер арасындағы суицид деңгейі жоғары. ІІМ статистикасы бойынша, 2016 жылы елдің 95 кәмелетке толмаған тұрғыны өз еркімен өмірден кеткен (56 ұл бала мен 39 қыз бала). Айналып келгенде, төрт күнде бір бала өзіне-өзі қол салатын болып тұр.
подросток.jpg
Оны айтпағанда, 2017-2030 жылдарға арналған Халықтың психикалық саулығы бойынша мемлекеттік бағдарлама жобасының деректеріне сүйенсек, 2007 жылдан бері 5-14 жас аралығындағы жасөспірімдер суициді саны ұдайы азайып келе жатса, 2015 жылы 1,5 есеге артып, жалпы суицидтер санының 7,19% құраған.

Жасөспірімдер осындай қадамға не үшін баратынына бірнеше мысал:
  • Биылғы 13 маусымда 15 жасар бозбала тоғыз қабатты үйдің шатырынан секіріп кеткен. Артында қалдырған хатында ата-анасына лайық бала емес екенін, мына дүниені тастап кетіп бара жатқанын айтқан. Бала апайымен тұрады екен, әкесі жоқ, шешесі қайда екені белгісіз. Телефонындағы СМС хабарламаларда «өмірде жолы болмаған соң» мына дүниеден кеткісі келетінін айтқан;
  • 2016 жылғы 25 мамырда қыз бала көлік астына түсіп өлмек болған. Ағасы омбудсмен атына хат жазып, қызды «физика мен тарих мұғалімдері және сынып жетекшісі бүкіл сыныптың көзінше ауылдан келген мал деп атап, тоқсандыққа екі қоямыз деп қорқытқанын» айтты;
  • он мың сом ұрлады деп айыпталған 15 жасар баланың оқиғасы елді дүрліктірді. Бала асылып қалды. Өлер алдында хат жазып, ұрлық жасамағанын, алыста жүрген анасын сағынғанын, бір көре алмай арманда кетіп бара жатқанын айтқан.
2017-02-01_21-10-12_396719.jpg «Синий кит» «ойыны» шыққаннан кейін, Бішкектегі бір ғимараттың қабырғасына салынған киттің суреті ересектер үрейінің құрбаны болды

- Бала дамуындағы жасөспірім кезеңі үлкен сындарлы кезең аталуы бекер емес. Өйткені, ол кезде бала бала емес, ол өзін ересек санайды, бірақ, ересек те емес, өйткені, әлеуметтік тәжірибесі жоқ. Біз әлдеқандай қиындыққа тап болсақ, «ай, түкке тұрмайды, ертең жаңа күн келеді де, бәрі жақсы болады» дей аламыз. Ал бала үшін сол «түкке тұрмайтын» нәрсе әлемнің ең үлкен қиындығы болып көрінеді. Балада әлеуметтік мәселелерді шешу тәжірибесі және эмоциялық сауат болмаса (ал гормон өзгерістері салдарынан эмоцияны бақылау қиын), ол бұл қиындықтан шығудың бір ғана жолы бар – осының бәрін тез арада тоқтату керек, кетіп құтылу керек деп есептейді, – деді Kaktus.media порталына берген сұхбатында психолог Перизат Асылбаева.

Мәселе бар екеніне жарқын мысал – Интернеттегі қырғыз сегментінде жыл басында пайда болған ажал топтары куә

– Сол кезде ата-аналар қалай дүрліккені есіңізде ме? Ата-ананың ойынан кетпейтін үреймен қатар, бұл жағдай олардың көбі баласы қалай өмір сүріп жатқанын да білмейтінін көрсетіп берді. Олармен ашық диалог құра алмайтынын көрсетті, – дейді доктор Александр Яковлев. – Бір нәрсені сеніммен айта аламын: үй-іші өзін жақсы көретінін білетін бала ондай қадамға бармайды. Сондықтан, ұлыңызға не қызыңызға, қандай жағдайда да оны жақтайтыныңызды көрсетіңіз. Және, кез келген қиындықты адам тірі кезінде ғана шешуге болатынын да айтыңыз.
Loading...

Loading...



Бас фото: 2013 жылы алматылық дизайнер Орталық стадионның қасын ілген плакатта мойнына арқан салып асылып тұрған манекен бейнелерген. Автор осы арқылы суицид мәселесіне жұрт назарын аударғысы келгенін айтқанымен, бір тәулік өтпей жатып плакат алып тасталды. 
Дереккөз: Tengrinews.kz

Редакция OpenAsia
Редакция OpenAsia
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало