Опубликовано 30.10.2017

Педикулез несімен қауіпті және биттен қалай құтылуға болады

Не болды?

Жылдан жылға Орталық Азия елдерінде ересектер де, балалар да биттен зардап шегіп келеді. Баласын балабақшадан алып кетіп бара жатып, шашының арасынан сірке көрмеген ата-ана жоқ шығар. Бит қайдан жұғады және одан қалай құтылуға болады? "Открытая Азия онлайн" серіктесі - Kaktus.media - дерматолог дәрігер Нурулуу Абыкеевмен сөйлесіп қайтты.

Педикулез деген не?

Тері мен шаштың паразитке шалдыққан ауруы. Бит баста, киімде және жыныс мүшесінде болады. Біз бастағы битті айтамыз.

Бит бізді не қылсын?

Бит иесінің қанымен қоректенеді. Олар адам жаралғалы бірге тіршілік етіп келеді: ДНҚ зерттегенде, биттің жасы 80 мың жылға жақындағаны белгілі болды. Ол жылдам тарайды және сыртқы факторларға төзімді. Сондықтан, адамзат бұл дүниеде биттен құтыла қоюы екіталай.

Оларға қолайлы жер қайда?

Паразиттер адам көп топтанып жүретін және антисанитария жайлаған орындарды жақсы көреді.

Бит қалай жұғады?

Сірке тарақтан жұғады. Балабақшадағы баланың шашын біреудің тарағымен тараса, шаштараз қайшысын жумаса... Киім-кешек, төсек-орын арқылы да жұға береді. Ойыншық, кітап, күнделікті тұтынатын заттар арқылы да...

Балаға бит жұққанын қалай білеміз?

Ең алдымен, бала қасына береді. Шешіндіріп қарағанда бит шаққан орындарын көруге болады. Ол жерлерді қасып, қанатып қойса, оған инфекция түсіп, іріңдеп кетуі мүмкін.

Бүрге емес, бит түскенін қалай анықтаймыз?

Жер бүрге адамды аяқтан шағады. Олардың папуласы үлкенірек және екі талдан болады. Биттің папуласы майда және бүкіл денеде болады және жан шыдатпай қышытады.

Не істеу керек?

Өз бетіңізбен ем жасаудың қажеті жоқ. Баланы дерматологқа қаратыңыз. Дәрігер ем жазып береді. Емнен кейін баланың төсек-орны мен киім-кешегін жуып, кептіріп, үтіктеу керек. Шашқа түскен биттің сіркесін сүзу қажет. Сіркеге дәрі әсер етпейді, жартысы өлсе де, жартысы қалады. Дұрыс ем жасалса, паразиттерден құтылуға болады. Сондай-ақ, қайдан жұққанын да анықтаған жөн. Балабақша, мектепте жұқса - дәрігерлер санитарлық-эпидемиологиялық қызметке хабар береді.

Құдай берген керосин ше?

Керосин қауіпті. Баланың терісі нәзік. Керосин, бензин, дихлофос адамның терісіне арналмаған, тиген жерін күйдіріп жіберуі мүмкін. Күйген жерге инфекция түссе, ол бүкіл теріге тарайды.

Дәріханадан не алуға болады?

Сусабын, бүрікпелерден пайда аз. Педикулезді емдеудің кешенді тәсілдері бар. Содан кейін барып қана профилактика үшін шампунь сатып алуға болады.

Өзім емдеп алсам бола ма?

Әзірге бұл паразиттердің дәріге үйреніп кетуі байқалмаған. Алайда, мынадай тенденция бар: бұрын балаға дәріні бір жаққаннан ештеңе қалмайтын. Тіпті, шашын қырып тастап-ақ биттен құтыла салуға болатын. Ал қазір препаратты қайталап жағу керек. Ұзағырақ ұстаған да дұрыс.

Асқындырып алса не болады?

Ешкім өле қоймас, әрине. Әйтсе де, бит шағып, бала қасып тастаған жерге стафиллококк, стрептококк түсетіні болады. Тері іріңдеп кетуі мүмкін.

Алдын алуға бола ма?

Ең алдымен - жеке бас гигиенасын сақтаған дұрыс. Адам көп жүретін орындардан аулақ жүру керек. Қоғамдық көліктен түсіп үйге келген соң бірден жуынған абзал. Аптасына кем дегенде екі рет шомылыңыз. Бөтен адамның тарағын ұстамаңыз.

Редакция OpenAsia
Редакция OpenAsia
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало