Опубликовано 15.04.2019

Өзбекстан Ұлттық ақпараттық агенттігі алғаш рет қазақ тіліндегі нұсқасын іске қосты

Өзбекстанда «Қазақстан жылының» жариялануына байланысты Өзбекстан Ұлттық ақпараттық агенттігі алғаш рет қазақ тіліндегі нұсқасын іске қосты. 

Бұл Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қоғамдық және саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және тарихи маңыз зор оқиғаларды толықтай қамту, ежелгі бауырластықты насихаттау мен бірге достық, ынтымақтастықты одан әрмен нығайтуды басты мақсат етеді. 

Аталған хабарламаға сәйкес, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, аталған ақжолтай жаңалыққа шынайы көзқарасын білдірді:

– Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы барлық салалар бойынша дамып келеді. Әсіресе, былтыр Нұр-Сұлтан қаласында өткен Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі, сонымен қатар, көршілес екі мемлекет басшыларының әртүрлі деңгейдегі басқосулары осы ынтымақтастыққа үлкен серпін беруде. Соның нәтижесінде гуманитарлық, мәдени, ақпараттық саладағы байланыстар да дамып жатыр. Бұндай ынтымақтастық екі мемлекет үшін ғана емес, Орталық Азия өңірі үшін де аса маңызды. Бұл ретте бауырлас мемлекеттердің бұндай деңгейдегі байланысына Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавхат Мирзиеевтың ерекше рөлін атап өткім келеді. 

Былтыр Өзбекстанның Қазақстандағы жылы табысты өтті. Биыл Қазақстанның Өзбекстандағы жылы ашылғалы отыр. Осының бәрі бауырластық байланыстарды күшейте түседі деп ойлаймыз. Мінеки, шын мәніндегі осы байланыстардың жарқын бір айғағы ретінде ақпарат саласында үлкен бір жаңалықты естіп, қуанып отырмыз. Өзбекстанның ұлттық ақпараттық агенттігі қазақ тілінде ақпарат тарата бастады. Бұл ақжолтай хабар біздің бауырлас, тарихы бір, тамыры бір, мәдени кеңістігі ортақ халықтарымызды одан да жақындастыра түсіреді деп ойлаймыз. Оның үстіне осындай жақсы жаңалықтың Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға алғашқы мемлекеттік сапарымен тұспа-тұс келіп отырғаны да қуантады. Өзбекстандағы Қазақстан жылы табысты өтеді деп үміттенеміз. Ал осындай үлкен жаңалыққа жаршы болып отырған өзбекстандық әріптестерімізге табыс тілейміз!»
Редакция OpenAsia
Редакция OpenAsia
Автор материала

Читайте также

Вернуться в начало