Cтати vs. Қазақстан
Cтати vs. Қазақстан
Бизнесмен Анатолий Стати не себепті Қазақстаннан $500 млн талап етті және тергеу барысында қандай жасырын жайттар әшкере болды?
Автор: Айнур Коскина
Молдавалық бизнесмен Анатолий Стати мен Қазақстан Республикасы арасындағы сот істерінің жалғасып келе жатқанына 10 жыл болды. 2013 жылы Қазақстан қазақстандық мұнай кен орындары мен газ өңдеу зауытына салған инвестициясынан айрылып қалғаны үшін деген айыппен Статиге $500 млн АҚШ доллар өтемақы төлеуге міндеттелді.

Ал қазір іс басқаша сипат алған. 2019 жылдың қараша айының соңында Қазақстан Әділет министрлігі Стокгольмдегі Апелляциялық сотқа талап арыз түсірді. Ведомство өтемақы төлеу туралы шешімді жарамсыз деп тануды талап етуде, сондай-ақ, Статиді қазақстандық мұнай кен орындары мен газ өңдеу зауытына саламын деп айрылып қалған инвестициясы үшін қазақстандық саясаткерлер мен мемқызметкерлерге пара берді деп айыптады.

Ал желтоқсан айында Люксембург пен Брюссель соттары Қазақстан тарапының Статиға өтемақы төлеуге қарсы талап арызын қайтарып тастаған еді. Қазіргі уақытта шетелдердегі қазақстандық активтердің шамамен, $7 млрд АҚШ долларына бұғат салынған. Қазақстан Әділет министрлігі Брюссельдегі Апелляциялық сотқа арыз жазып, Статидің өз алаяқтығын дәлелдеп беретін бірқатар фактіні жасырып қалғанын атап өтті.

Аталған талап арыз швед сотында қаралғанға дейін, біз дау-жанжалдың жалпы қалай бастау алғанын зерттеп көрейік.
Соңғы оқиғалар
Брюссельдік бірінші инстанциялы сот 2013 жылғы бизнесмен Статилердің пайдасына $500 млн-нан астам қаржы төлеу туралы арбитраждық шешімді мойындауға қарсы Қазақстанның барлық дәлелдерін қабылдамай тастады. Сот ол шешімді Бельгия аумағында мойындау және орындалуы туралы қаулы шығарды. Сот шешімі бойынша Қазақстан Статилерге €36 мың сомасында сот шығынын да төлеп беруі тиіс болды. Брюссельдің бірінші инстанциялы сотының шешімі заңды күшіне енді.

Брюссельдегі үкім Қазақстанның арбитраждық шешімге қатысты барлық қарсылығын Люксембург апелляциялық соты қабылдамай тастаған соң және оның Люксембургте орындалуына рұқсат бергеннен кейін келесі күні шығарылды. Бұл Статилерге Люксембургтегі қазақстандық активтерге төлем салу мүмкіндігін туғызған еді. Оның ішінде, Eurasian Resources Group Sarl (ERG) компаниясындағы Қазақстанға тиесілі 40%-дық үлеске және сол үлеске кіретін $48 млн сомасындағы дивидендке де, сондай-ақ, Cameco Luxembourg және ArcelorMittal Luxembourg компанияларының Қазақстанға берешек қарызына да төлем салғызу мүмкіндігі болды.

Бұғатталған қазақстандық мемлекеттік активтердің жалпы құны кем дегенде $450 млн сомаға бағаланған. Статилер тарапы сонымен қатар, арбитраждық шешім бойынша төленуі үшін өзге юрисдикциялардағы сот істері аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына тиесілі және Bank of New York Mellon-да сақтаулы тұрған тағы $530 млн соманың бұғатталуына қол жеткізді. Статилер төлемдерді өндіріп алу процедураларын 2020 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бұдан өзге, Қазақстанның жалпы құны $6,25 млрд соманы құрайтын активтері Нидерланд, Люксембург және Швеция соттарының шешімімен бұғатталып отыр.

Осы жағдайдан кейін артынша Қазақстан Әділет министрлігінің хабарламасы пайда болды. Ресми мәлімдемеде, Қазақстан Республикасы мен Статилер арасындағы дау-жанжалда Бенилюкс елдерінің үш соты 2019 жылдың желтоқсан айында бір-біріне қайшы келетін шешімдер шығарды делінген. Қазақстандық әділет министрлігінің пікірінше, люксембургтік сот өз шешімінде KPMG халықаралық аудиторлық компаниясының хатын жауапсыз қалдырған және Люксембург арбитраждық сотының 2013 жылғы шешімін тану туралы қаулы шығарған. Қазақстан Әділет министрлігі Статидің швед сотынан KPMG ақпаратын жасырып қалып, Люксембург соты қазіргі уақытта сілтеп отырған шешімді шығартып алғанын атап өтті. Қазақстандық ведомствоның пікірінше, Бенилюкс елдерінің соттарына Стати бұрмаланған мәліметтер берген. Енді Брюссель апелляциялық соты алаяқтықты айғақтайтын KPMG корреспонденциялары негізінде активтерге салынған бұғаттауларды алып тастау қажеттігі туралы мәселені қарастырады.

Әділет министрлігі Статиді неге айыптап отыр
Қазақстан атынан берілген талап арызда саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлерге Қазақстаннан шығарылған қаржы есебінен төлем бөлінгені көрсетілген. Тізімде Ләззат Қиынованың да аты-жөні көрсетілген. Ол 2003 жылдың наурызынан 2011 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстан Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі лауазамын атқарған. Құжатта Ләззат Қиынованың қызы Екатеринаға банк көшірмелерінде «стипендия төлемдері» деген атпен $1 153 670 қаржы төленгені туралы айтылған. Әділет министрлігінің өтінішінде пара алу күдігіне байланысты ол ақша аударымын қазіргі уақытта қазақстандық прокуратураның тексеріп жатқаны да көрсетілген. көрсетілген. Қазақстан Әділет министрі Марат Бекетаев тергеу құпияларын алға тартып, талап арыздың бұл пункті туралы пікір білдіруден бас тартты.
Стати деген кім?
67 жастағы Анатолий (Анатол) Стати – молдавалық бизнесмен, Ascom Group компаниясының негізін салушы. 2010 жылы Молдаваның ең бай адамы болған. Оның ұлы, 43 жастағы Габриель Стати — Ascom Group вице-президенті, 2009 жылы Молдавияда қарсылық акциясын қаржыландырды және елде төңкеріс жасауға ұмтылды деген күдікпен ұсталған болатын. 2009 жылдың соңында іс тоқтатылады.

Молдавадағы ең ірі Ascom Group мұнай-газ компаниясының негізгі қожайыны – үлкен Стати. Фирманың Қазақстанда, Түркіменстанда және Суданда коммерциялық мүдделері бар. 2018 жылдың басында компания 500 мың тонна мұнай мен 1,3 млрд текше метрге жуық табиғи газ өндірді. Ол сондай-ақ, Люксембургтегі East-West International фирмасының кишиневтік өкілдігін басқарады.
«Қазақстан» жобасы
1999
Анатолий негізін қааған Tristan Oil Ltd оффшорлық компания Қазақстанның Tolknynneftegaz және Kazpolmunay атты екі мұнай компаниясы акцияларының бақылау пакеттерін сатып алады. Осы мердігер компаниялар арқылы Tristan Oil 13 млн тонна мұнай және 10 млрд текше метр табиғи газ қоры бар Боранқұл және Толқын мұнай-газ кен орындарында өңдеу жұмыстарымен айналысады.
2005
Tolknynneftegaz Боранқұл газды қайта өңдеу зауытының құрылысын салуға кіріседі. Алдымен тендер өткізіліп, құрылыстың басты мердігерлерімен арада келісімшарт толтырылады.
2008
Стати мен Қазақстан билігі арасында дау-жанжал туындайды. Дау-жанжалдың бір себебі, сол кездегі Молдова президенті Владимир Ворониннің Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Статиді Молдовадағы оппозицияның қаржыландыратыны туралы жазған ресми хаты болуы мүмкін деген болжам бар.

Молдова президенті В.Ворониннің хаты
2008
Tolkynneftegaz және Kazpolmunay компанияларын тексергеннен кейін реттеуші органдар салық заңнамалары бұзылған деп айып тағады. Белгілі болғандай, құбырлар лицензияда көрсетілгендей өнеркәсіптік емес, магистралдық болып шығады. Яғни, мұнай қайта өңделіп сақтау мақсатында емес, экспортқа тасымалдау үшін шығарылған екен. Ал қайда тасымалданғаны белгісіз болған.
2009
Туындаған қиындықтарды шешу үшін Статиге тиесілі оффшорлық компания инвестициялық қордан (қандай қор екені аздап түсініксіздеу) Статидің өзінің және оның өзге 8 компаниясының кепіл болуымен $60 млн несие алады. Ол қаржының $27 миллионы Қазақстанның салық органдарының талабын төлеуге жұмсалуы тиіс болады. Бұл деректер #PanamaPapers жобасының арқасында белгілі болды.
Нәтижесінде не болды?
Қазақстандық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі 2002-2008 жылдары Статиге тиесілі болған қазақстандық екі компания басшыларының $1 млрд қаржыны жымқырғанын анықтады. Олар мұнайды магистралдық мұнай-газ құбырлары арқылы экспортқа заңсыз тасымалдаумен айналысқан. Сот үкімімен ол қаржы мемлекет пайдасына қайтарылуы тиіс еді. Kazpolmunay директоры Сергей Корнегруц тұтқынға алынып, төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал оның әріптесі, Tolkynneftegaz басшысына халықаралық іздеу жарияланып, шамамен $800 млн қаржыны заңсыз иемденденді деген сырттай айып тағылды. Анатолий Статидің өзіне де іздеу жарияланды. Боранқұл мұнай-газ өңдеу зауытының құрылысы уақытша тоқтатылды. Айта кетерлігі, кәсіпорын құрылысы әлі күнге дейін толық аяқталған жоқ. Tristan Oil Ltd компаниясымен келісімшарт бұзылды. Маңғыстау облысындағы Толқын және Боранқұл мұнай кен орындары мен аяқталмай қалған зауыт қазақстандық «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясының басқарылуына берілді. Сол уақыттары Стати қарамағында болған екі қазақстандық компанияның жалпы құны шамамен $500 млн болған еді.
Сот талқылауы
2010
Стати отбасы, сондай-ақ, Ascom Group S.A. және Terra Raf Trans Traiding Ltd компаниялары Стокгольмдегі (Швеция) Сауда палатасы жанындағы Арбитраждық сотқа шағымданады. Олардың Қазақстан тарапынан талап еткен қаржысының бастапқы сомасы $2,7 млрд болған, сонымен қатар, моральдық шығынды өтеу үшін $270 млн доллар талап еткен.
2013
Стокгольмдегі Сауда палатасының Арбитраждық соты Статидің бірқатар талабын қанағаттандырып, Қазақстан сотқа кеткен шығындарды қосқанда, AscomGroup компаниясына $506 млн өтемақы төлеуі тиіс деген шешім қабылдайды.
2014
Қазақстанға арбитраждық шешімді орындату үшін Стати АҚШ пен бірнеше еуропалық елдердің соттарына арыз жазып, құжаттарды сол елдер аумағында мойындатуға ұмтылады. Ақпан айында Стати Колумбия округінің (Вашингтон, АҚШ) Округтік сотына арызданады. Ол жақтағы сот тыңдалымдары қыркүйекте басталып, алты жылдан бері әлі жалғасып келеді. Ол кезде Қазақстан Стокгольмдегі (Швеция) Свеа апелляциялық сотында арбитраждық шешімнің күшін жоюға ұмтылады.
2015
Қазақстан Лондондағы (Ұлыбритания) сот органдарына жүгініп, Стокгольмдегі арбитраждық шешім қабылданған кезде заңбұзушылықтардың орын алғаны туралы арызданады. Шамамен, сол уақытта Статидің Боранқұл газ өңдеу зауытын салу кезіндегі алаяқтық әрекеттері туралы ақпаратты жайып салу үшін Қазақстан АҚШ сот орындарына да өтінішхаттар береді. Ол үшін арнайы сот рұқсаты талап етіледі.

Сол жылдың тамыз айында Қазақстан тарапы талапкердің алаяқтық әрекеттері үшін Статидің арбитраждық соттың шешімін Ұлыбритания аумағында мойындау туралы өтінішін қабылдамай тастауды талап етеді. Осыған ұқсас талап Стокгольмдегі (Швеция) Апелляциялық сотқа да беріледі.
2016
Мамыр айында АҚШ соты іс материалдарын Статидің алаяқтығы туралы құжаттармен толықтыру туралы Қазақстанның өтінішхатын арнайы сот шешімі болмағандықтан қабылдамай тастайды. Желтоқсанда Стокгольмдегі (Швеция) Апелляциялық сот арбитраждық шешімді жою туралы өтінішті қабылдамай тастайды. Қазақстан Стокгольмдегі Апелляциялық сот шешіміне шағымдану үшін дереу Швеция Жоғарғы сотына жүгінеді.
2017
Бұл сот Қазақстан үшін өте ауырға соғады. Ол туралы кеңірек айтып бергенді жөн көрдік.
2017
Ақпан айында Үкімет тағы да АҚШ-тың сот орындарына жүгініп, істі алаяқтық туралы құжаттарды ескере отырып қайта қарауды сұрайды. Ал маусым айында Лондон (Ұлыбритания) Жоғарғы соты Қазақстанға қарсы $506 млн өтемақы төлеу туралы арбитраждық шешім алаяқтыққа негізделуі мүмкін деген қаулы шығарды. Сот сондай-ақ, Анатолий Статидің ағылшындық сот орындарының алаяқтық фактілерін қарау туралы шешімін апелляцияға беру туралы өтінішін қабылдамай тастады. Сол уақыт аралығында ағылшындық сот шешімі жайлы ештеңе хабарламасатан, молдовалық бизнесмендер арбитраждық шешімнің орындалуы қамтамасыз ету мақсатында АҚШ (Нью-Йорк), Швеция, Нидерланд және Люксембург сот орындарына жүгініп, Қазақстан активтерін бұғаттап тастауды сұрайды.

Ал қыркүйек айында Амстердам округтік соты «Самұрық-Қазына» қорының KMG Kashagan BV голландиялық компаниясындағы құны $5,2 млрд акцияларын Ascom Group пайдасына бұғаттау туралы шешім шығарады. Қазақстан осы компания арқылы Қашаған кен орнын игеру бойынша халықаралық консорциумға қатысатын. Амстердам соты сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық қорының Bank of New York Mellon-ның амстердамдық бөлімшесінде сақталып тұрған қаржысына да бұғат салуға рұқсат етті.

Америкалық Bank of New York Mellon Қазақстан Ұлттық қорының $22 млрд қаржысын бұғаттап тастады. Бұл – бүкіл қор қаржысының 40%-ы. Бұған жауап ретінде Қазақстан Ұлттық қоры Bank of New York Mellon-ға қарсы талап арыз түсіреді.

Шведтік сот орындаушысы сәл бұрынырақ танымал 33 компанияның (Volvo, Skanska, Electrolux, Nordea және т.б.) Қазақстанға тиесілі құны $100 млн болатын акцияларының да бұғатталғанын растады.

Дәл осы уақытта Брюссельдегі бірінші сот сатысы Қазақстанның Бельгиядағы барлық активтеріне уақытша бұғат салу туралы Статидің өтінішхатын қанағаттандырады.

Қазан айында Швеция Жоғарғы соты Қазақстан Республикасының Стокгольмдегі (Швеция) Апелляциялық сот шешіміне қарсы түсірген шағымын қабылдамай тастайды.

Осы уақыттары Қазақстан Колумбия (Вашингтон, АҚШ) Округтік сотына RICO заңы деген атпен белгілі «Ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» АҚШ Заңы аясында Статиді алаяқтық кінәсі үшін жауапқа тарту туралы талап арыз түсіреді.

2018
Қаңтар айында Англия апелляциялық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2017 жылдың 6 маусымында Англия Жоғарғы сотының Қазақстан пайдасына шығарған шешіміне қарсы түсірген Статидің шағымын қабылдамай тастайды.

Сол кезде Амстердам округтік соты Ұлттық қордың Bank of New York Mellon-да сақталып тұрған, құны $22 млрд болатын активтерін бұғаттан шығару туралы Ұлттық банктің өтінішін қанағаттандырады.

Ал АҚШ-тың Колумбия округінің соты Анатолий Статидің пайдасына Қазақстан $525 млн-ға жуық қаржы төлесін деген шешім шығарады.

Сонымен қатар, брюссельдік сот ҚР Ұлттық қорының шамамен $21,5 млрд сомасындағы активтеріне салынған алдан ала бұғатты шеше отырып, Стати даулаған $530 млн сомасындағы қаржыны бұғатта қалдырады.

Мамыр айында әкелі-балалы Статилер күтпеген жерден Лондон Жоғарғы сотындағы арбитраждық шешімді тану және оның мәжбүрлі түрде орындалуы туралы шағымхаттарын қайтарып алады. Алайда судья істі тоқтату үшін Стати ұсынған дәлел-дәйектерді жеткіліксіз деп табады. Сондықтан да Статидің алаяқтығы туралы Қазақстан тарапы түсірген арыз сотта әлі қарала береді.

Қыркүйек айында Стати 2017 жылы жүгінген нью-йорктік сот Вашингтондағы (АҚШ, Колумбия округі) апелляциялық өндіріс аяқталғанша істі қарауды тоқтатып қояды.

Ал қарашада Колумбия округінің соты Қазақстанға $525 млн төлеуді міндеттейді. Ол сот апелляцияға берілгеніне қарамастан, апелляциялық қаралым аяқталғанға дейін мәжбүрлі түрде өндіріп алу ісін тоқтата тұру туралы Қазақстан өтінішін қабылдамай тастаған еді.
2019
Кейін белгілі болғандай, молдавалық бизнесмендер Италия сотына да жүгінген екен. Италиялық апелляциялық соты 2013 жылғы арбитраждық шешімді орындау керек деп танып, Қазақстанның 2018 жылғы мамыр айында берген қарсылығын қабылдамай тастайды.

Стокгольмдегі (Швеция) округтік соты Анатолий және Габриэль Статилерді Қазақстанның Швециядағы мемлекеттік мүлкіне иелік ету құқықтарын растайды. Бұл 33 шведтік компаниядағы акциялардан түскен кірістер еді.



Тамыз айында KPMG консалтингтік компаниясы 3 жыл ішіндегі Стати компаниялары бойынша өзінің барлық аудиторлық есеп-қисабын жарамсыз деп тану туралы жазбаша хабарлама жариялайды. Сол кезде британдық апелляциялық сот шығарған шешімге сәйкес, бұдан былай Ұлыбританияда $500 млн қаржыға қатысты арбитраждық шешімді мәжбүрлі түрде орындау мәселесі қарастырылмайтын болды.

Нью-Йорк Оңтүстік округі бойынша АҚШ округтік соты – тараптар Вашингтондағы (АҚШ, Колумбия округі) апелляциялық өндіріс аяқталғанға дейін істі қарауды жалғастырғысы келе ме, әлде жоқ па деген мәселе бойынша сот қатысушыларына 2019 жылдың 15 қарашасына дейін бірлескен хат өткізуді міндеттеді.

Сот көрсеткен мерзімге дейін Анатолий және Габриэль Стати, сондай-ақ, Ascom Group S.A. және Terra Raf Trans Traiding Ltd Қазақстан Республикасына қарсы шағымданудан бас тартты.

Ал қараша айының соңына қарай Қазақстан Әділет министрлігі Стокгольмдегі (Швеция) Свеа Апелляциялық сотына Стати алаяқтығына байланысты 2013 жылғы арбитраждық сот шешімін болдырмау туралы шағымхат түсірді.




Шағымхатта молдавалық инвесторлар өздерінің басқа елдердегі жобаларын қаржыландыру үшін, жеке бас тұтынуларына арналған сәнді-салтанатты бұйымдарды сатып алу және Молдавиядағы, Румыниядағы, Оңтүстік Судандағы, Күрдістандағы, Конгодағы және Қазақстандағы саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлерге төлеу үшін Қазақстандағы компанияларынан оффшорлық компанияларының есепшотына қаржы аударғаны туралы дәлелдер келтіріледі.




Латвия прокуратурасының заңгерлік көмегінің арқасында Қазақстан Әділет министрілігі Стати отбасына тиесілі есепшоттар бойынша банк операциялары, яғни Rietumu Bank банкі арқылы жасаған операциялары туралы ақпараттарға қол жеткізеді.

Қызықты деректер
Шағымхаттар мен қарсы арыздар беру барысында, сондай-ақ, сот тыңдалымдары кезінде көптеген қызықты жайттар туындаған еді.

Мысалы, Толқын және Боранқұл кен орындары мен оларды өңдеп жатқан компаниялардың құнын Стати мен қазақстандық «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясы әр түрлі бағалаған. Сондай-ақ, Боранқұл ГӨЗ құрылысына салынған қаржы көлемі Стати бағалауынша $199 млн соманы құраған.

Ал қазақстандық ресми тұлғалар зауытқа деп сатып алынған жабдықтар мен қызметтер құнының айтарлықтай жоғары болғанын мәлімдейді. Олар Стати компаниялары белгілеген жеткізушілер арқылы сатып алыныпты. Шындығында, оны осы себептен де алаяқтық жасады деп айыптайды.

Молдавалық бизнесмен өзінің 2009 жылы алған несиесін Қазақстаннан өтемақы ретінде алмақ болған ақшамен қайтарғысы келген екен. Қазір Стати компаниясы тіркелген оффшордағы оның есепшоты сот шешімі бойынша бұғатталып қалған. Яғни, кредит беруші алдындағы міндеттемесін орындамағаны үшін бұғатталыпты.

Қазақстандық тарап дәл осы фактілерді қарсыласының жауапсыздығы әрі арам пиғылды ісі деп пайдаланып қалуға тырысып жатыр.
Саясат па?
akorda.kz
Кейбір саяси оқиғалар екі тараптың пайдасына шешілген сот шешімдерімен тұспа-тұс келіп жатты. Мәселен, жоғарыда біз атап өткен Молдова президенті Ворониннің Қазақстан президенті Назарбаевқа жазған хаты уақыт жағынан Статидің Қазақстандағы компаниясының жағымсыз жағдайға тап болуымен сәйкеседі. Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы Дональд Трамппен кездесуі уақыт жағынан еуропалық соттардың Қазақстан Ұлттық қорының активтерін бұғаттан шығару туралы сот шешімдерімен сәйкес келеді. Соған қарамастан, қазақстандық сарапшылар «бұл дау-дамай таза экономикалық сипатқа ие болған, ал қалғанының бәрі – кездейсоқ жайттар» деп есептейді.
Экономист Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, АҚШ президенті Трапм сот шешімдеріне ықпал ете алмаған. «Трамптың сотқа ықпал ететіндей мүмкіндігі жоқ. Ол өз мәселелеріне қатысты ықпалын жүргізе алмайды, ал біздің мәселеде тіптен қауқарсыз болып қалмақ», – деп атап өтеді Құдайбергенов.

Сарапшы бұл дау-жанжалдың таза экономикалық сипатқа ие екеніне сенімді. Құдайбергенов сонымен қатар, осы сот істерінің өз ерекшелігі бар екенін де атап өтеді: «Қазақстанмен дауласқысы келетін көптеген компаниялар, жеке тұлғалар осы кейсті жіті бақылап, осындай оқиғаға өздерінің қаншалықты дайын екендерін бағамдап отыр».

Экономист Асылбек Қожахметов те Статимен арада болған сот істерінде ешқандай саясат жоқ екенін, мұның бизнесменге тән қалыпты ұстаным екенін айтады: «Менің ойымша, бұл іс саяси мүддеден туындамаған, дегенмен, оның саяси салдарлары болуы да мүмкін».

Оқиға хронологиясын ескерсек, дау-жанжал қатысушыларын әлі де ұзақ уақытқа созылар сот істері күтіп тұрғаны анық. Егер бұл дауда республика жеңіске жетіп жатса, онда «Қазақстан имиджі де соншалықты көтеріле қоймас». Қазірше Қазақстанның өкінішіне қарай, бұл іске нүкте қоюға әлі ерте.
Вернуться в начало